Жақсы қала – жайлы өмірден басталады: «Әділет» кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті

Жақсы қала – жайлы өмірден басталады: «Әділет» кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті
Фото: «Әділет» партиясы

Астанада «Әділет» партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар «Единый Консолидирующий Центр» және «Zipa Logistics» серіктестіктерінің қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда сайлауалды бағдарламаның басымдықтарымен қатар, қоғамдық көліктің қолжетімділігі, аулаларды абаттандыру және балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жиынға партиялық тізім бойынша кандидаттар Кәрімбек Құрманәлиев, Жанара Джигитекова, Алишер Ислам, №3 сайлау округі бойынша кандидат Евгений Құрманбаев және партияның сенімді өкілі Бекболат Жазықпаев қатысты. Кездесуді «Әділет» партиясы Алматы аудандық филиалының төрағасы Анара Мурзабаева жүргізді.

Кәрімбек Құрманәлиев партияның он бағыт пен бес басымдықты қамтитын сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол елордада мектептер мен медициналық нысандар ашылып жатқанын айта келе, қаланың дамуы ең алдымен тұрғындардың өмір сапасынан көрінуі қажет екенін атап өтті.

«Елордаға бүкіл Қазақстан қарап, бой түзейді. Әдемі ғимараттар мен көшелер салына беруі керек. Бірақ ең алдымен халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, ұлттың әлеуетін арттыру бірінші орында болуы қажет», — деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Евгений Құрманбаев өз бағдарламасында жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру және тозған ғимарат қасбеттерін ретке келтіру мәселелеріне басымдық беретінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жұмысты меншік иелерімен, мүлік иелері бірлестіктерімен және уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізу қажет.

Кандидат округ аумағында балалар мен жасөспірімдер орталығын салу қажеттігін де көтерді. Оның сөзінше, округте шамамен 80 мың адам тұрады, ал балалардың үйіне жақын жерде үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі жеткіліксіз.

«Балалардың қосымша білім алып, бос уақытын тиімді өткізуі үшін үнемі қала орталығына баруына тура келмеуі керек. Бұл жолға көп уақыт кетеді. Сондықтан біздің округте балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық салу қажет деп санаймын», — деді Евгений Құрманбаев.

Қоғамдық көлік мәселесі еңбек ұжымының сұрағына арқау болды. «Единый Консолидирующий Центр» ЖШС тігіншісі Хадиша Смайлова қызметкерлердің жұмысқа қатынауда қиындық көретінін айтты. Оның сөзінше, кәсіпорын маңына тек №64 автобус жүреді, бірақ аялдамаға жету үшін аумақты айналып өтуге тура келеді. Бұл әсіресе таңғы ауысымға келетіндер мен жасы үлкен қызметкерлерге қолайсыз.

Қызметкерлер автобустың жүру сызбасын жұмыс орнына жақынырақ келетіндей етіп қайта қарауды сұрады.

Сауалға жауап берген Кәрімбек Құрманәлиев қоғамдық көлік мәселесі Қоғамдық кеңесте де көтерілгенін айтып, қалада қосымша он бағыт енгізіліп жатқанын жеткізді. Ол қызметкерлерге ұсыныстарын жазбаша түрде беруді ұсынды және өтінішті Қоғамдық кеңес аясында көтеріп, Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жеткізуге дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында кандидаттар ұжымдардың ұсыныстарын тыңдап, тұрғындардың күнделікті сұраныстары сайлауалды жұмыстың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Кәрімбек Құрманәлиев қатысушыларды 29 қарашада өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге шақырды.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.