Астанадағы №75 мектеп-гимназияда «DosbolLIKE» бағдарламасы аясында «Буллингке жол жоқ» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Оған 8–11 сынып оқушылары қатысып, мектептегі әлімжеттіктің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шара барысында оқушыларға буллинг пен кибербуллингтің негізгі белгілері, олардың салдары және осындай жағдайға тап болған кезде жасалуы тиіс әрекеттер түсіндірілді. Сондай-ақ жәбірленген балаларға психологиялық, әлеуметтік және педагогикалық қолдау көрсетудің маңыздылығы айтылды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекайдар Шалахаевтың айтуынша, буллингтің алдын алуда мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы байланысты нығайту маңызды.
«Егер оқушылар буллингтің алдын алу жолдарын білсе, олардың арасында өзара сыйластық пен достық қарым-қатынас қалыптасады. «DosbolLIKE» бағдарламасы тек оқушыларды ғана емес, ұстаздар мен ата-аналарды да ортақ іске жұмылдырады. Оның аясында ашық есік күндері, викториналар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Ең бастысы – мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы үшжақты байланысты нығайту», – деді ол.
Ал мектеп директоры Зәмзәгүл Құлмағанбетова буллингтің алдын алу жұмыстары тәрбие сағаттары мен профилактикалық кездесулер арқылы тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Оның сөзінше, мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және спорттық, шығармашылық үйірмелерге қатысуына ерекше көңіл бөлінеді. Мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға жазалау шараларынан гөрі педагогикалық қолдау көрсетуге басымдық беріледі.
«Агрессивті мінез-құлық танытатын балаларды да назардан тыс қалдырмаймыз. Оларды түрлі спорттық және музыкалық үйірмелерге қатыстырып, қабілетін дамытуға жағдай жасаймыз. Бұл – балаға қолдау көрсетіп, оның мінез-құлқын түзетуге көмектесетін тәсілдердің бірі. Сонымен қатар ата-аналармен де тығыз байланыстамыз. Мектебімізде әкелер кеңесі, аналар ұйымы және «Бұрымды қыз» клубы жұмыс істейді», – деді мектеп директоры.
Мектеп педагог-психологы Талжібек Сатымбекова балалардың психологиялық жағдайына көңіл бөлу олардың сабаққа ынтасы мен белсенділігін арттыруға ықпал ететінін жеткізді. Оның айтуынша, бала өзін қауіпсіз әрі қолдауда сезінуі үшін мектепте мұғалімдер мен психологтар, ал үйде ата-аналар жылы қарым-қатынас орнатуы қажет.
Тренингке қатысқан 8 «А» сынып оқушысы Гүлім Дәулетова буллинг жағдайында үнсіз қалмай, ата-анасына немесе сынып жетекшісіне хабарлау керектігін айтты. Ол әлеуметтік желілерде де кибербуллинг жағдайлары кездесетінін атап өтті. Ал осы сыныптың оқушысы Шахруз Равшанов тренингтің пайдалы болғанын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай кездесулер оқушылар арасындағы өзара құрмет пен достықты нығайтады.








