Хатам Шавхиев: Президент Жолдауы – құрылыс саласы мен кәсіпкерлікке жаңа серпін

Бүгін, 16:22
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Хатам Шавхиев: Президент Жолдауы – құрылыс саласы мен кәсіпкерлікке жаңа серпін
Фото: Хатам Шавхиевтің жеке архивінен

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамыту және құрылыс саласының әлеуетін арттыру мәселелері біз үшін ерекше маңызды. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауына қатысты Астана қаласы, кәсіпкер-меценат, қоғам белсендісі Хатам Шавхиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Құрылыс саласының кәсіпкері ретінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамаларға айрықша назар аудардым. Әсіресе, Президенттің 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысы кәсіпкерлер үшін маңызды қадам болмақ. Мұндай бастама жүзеге асса, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, кәсіпкерлерге жұмысын тұрақты жүргізуге, өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», - деді ол. 

Сонымен қатар, кәсіпкер шағын және орта бизнестің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысу мүмкіндігін кеңейту, жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету және кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі әділ ережелер қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құрылыс саласындағы отандық кәсіпорындардың дамуына, бәсекеге қабілеттілігінің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етуі мүмкін.

«Құрылыс – ел экономикасының маңызды саласының бірі. Біздің басты міндетіміз – сапалы әрі қауіпсіз нысандар салу, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту және отандық құрылыс материалдарын пайдалануды кеңейту.

Мемлекет пен кәсіпкер арасындағы өзара сенім мен тиімді әріптестік нығайған сайын, экономиканың дамуына да жаңа мүмкіндік ашылады. Кәсіпкерге қолайлы жағдай жасау – бизнестің дамуына ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына да қосылған үлес.

Ел экономикасын дамытуға, отандық кәсіпкерлікті нығайтуға және халық игілігі үшін сапалы құрылыс жүргізуге үлесімізді қосуға дайынбыз!» - деп пікірін білдірді Хатам Шавхиев.