Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше назар аударылды. Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық ауруханасының директоры Нұрбол Тұрсынбаев Президент ұсынған бастамалардың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Дәрігердің айтуынша, елімізде жаңа медициналық нысандар салу халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән берді. Әсіресе, еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу туралы бастама – халық денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам. Жаңа ауруханалар, перзентханалар, оңалту орталықтары мен заманауи медициналық жабдықтар тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Дәрігер әрі аурухана басшысы ретінде бұл бастаманы толық қолдаймын», – деді Нұрбол Тұрсынбаев.
Ол Президент Жолдауында ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті.
«Бүгінде елімізде жеті миллионға жуық бала өсіп келеді. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сондықтан ана мен бала денсаулығын қорғау, балалардың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау – аса маңызды міндет. Бұл бағыттағы жаңа жобалар өскелең ұрпақтың дені сау болып қалыптасуына және еліміздің жарқын болашағына қызмет етеді», – деді аурухана директоры.
Нұрбол Тұрсынбаевтың пікірінше, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту дәрігерлердің жұмысын жетілдіруге және халыққа көрсетілетін қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Президенттің денсаулық сақтау саласына қатысты бастамалары бізге, медицина қызметкерлеріне, үлкен жауапкершілік жүктейді әрі жаңа серпін береді. Халық денсаулығы – басты құндылығымыз. Сондықтан алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға әрбір медицина қызметкері өз үлесін қосуы тиіс. Бұл бастамалардың нәтижелі жүзеге асатынына сенемін», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтермек.