Қарттар күніне орай Астанада зейнеткерлер үстел ойындарынан бақ сынады

Қарттар күніне орай Астанада зейнеткерлер үстел ойындарынан бақ сынады
Фото: ұйымдастырушылардан

1 қазанда аталып өтетін Халықаралық қарттар күніне орай Астана қаласының Есіл ауданында зейнеткерлер арасында үстел ойындарынан жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты - аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және зейнеткерлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.

Аталған жарысқа 30-ға жуық зейнеткер қатысып, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы ойындарынан өзара бақ сынады.

«Қарттар күніне орай жыл сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Көбіне жарыс түрлері зейнеткерлердің өз қалауы бойынша таңдалады. Осы ретте үстел ойындарына сұраныс жоғары. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Биыл тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан турнир өткізіп жатырмыз. Жарыстың ерекшелігі - әр қатысушы өз деңгейіне қарай бастапқы, орта және мықтылар санатында бақ сынап, жүлдеге таласа алады», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының Есіл ауданы бойынша жауапты нұсқаушысы Азамат Баилов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар аға буын өкілдерінің бос уақытын мазмұнды өткізуіне, зияткерлік қабілеттерін шыңдауына және қоғаммен байланысын нығайтуына ықпал етеді. Әсіресе шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ секілді ойындар қатысушылардан терең ойлануды, дұрыс шешім қабылдауды және қарсыластың жүрісін алдын ала болжай білуді талап етеді.

Естеріңізге салсақ, Астанада 110 мыңнан астам зейнеткерге біржолғы төлем беріледі.