Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ұлттық театр» кітабының және театрдың шығармашылық құрамының өмір жолына арналған кітапшалардың тұсаукесері өтті. Мерейтойлық конференция барысында театрдың қалыптасу тарихы, шығармашылық жетістіктері мен ұлттық мәдениеттегі орны сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Конференцияда театрдың 35 жылдық тарихына арналған баяндама оқылып, ұжымның шығармашылық жолы сараланды. Осы уақыт аралығында театр сахнасында 160-қа жуық спектакль қойылып, бірнеше буын актер мен режиссер ұлттық театр өнерінің дамуына үлес қосты.
Мерейтой аясында театр тарихын кеңінен таныстыратын «Ұлттық театр» кітабы да оқырманға жол тартты. Басылымда театрдың құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы, актерлердің өмірбаяны, шығармашылық ұжымдардың қызметі мен өнер жолындағы жетістіктері қамтылған.
Кітаптың авторы театртанушы, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі - Мирас Әбіл. Ол басылымды әзірлеу барысында театрдың тарихын жүйелеп, әр кезеңдегі шығармашылық ізденістерді қамтуға басымдық берілгенін атап өтті.
«Бес жыл бұрын театрдың 30 жылдығына арналған кітап жарық көрген еді. Бұл жолы 35 жылдық мерейтойға орай театрдың тарихын, шығармашылық жолын және ұжым мүшелерінің еңбегін кеңінен қамтитын басылым әзірлеуге тырыстық. Кітапта театрдың негізі қаланған кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы жүйеленіп, актерлердің өмірбаяны, оркестр, ансамбль және шығармашылық ұжымдардың қызметі қамтылды.
Театр тарихын жазу – жай ғана деректерді жинақтау емес. Бұл – бірнеше буынның еңбегін, өнерге арнаған өмірін және ұлттық мәдениетке қосқан үлесін бағалау. Әсіресе, театрдың қалыптасуына негіз болған аға буын өкілдерінің еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды. Осы басылымды әзірлеуге атсалысқан театр басшылығына, барша әріптеске алғыс айтамын. Театрымыздың ғұмыры ұзақ болсын», – деді ол.
Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов ұжымның қалыптасу кезеңіне тоқталып, оның ұлттық өнер кеңістігіндегі маңызын атап өтті.

«Қалибек Қуанышбаев театры – қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын Әуезов театрынан кейінгі ұлттық театр өнерінің маңызды ордасы. Бұл театрдың қалыптасуына кезінде Әуезов театрында еңбек еткен режиссерлер мен өнер қайраткерлері зор үлес қосты. Біздің мақсатымыз – ұлттық театрдың туын көтеріп, оны биік деңгейге жеткізу болды. Бүгінде театрдың өзіндік орны қалыптасып, шығармашылық мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Театр дегеніміз – қазақтың қанын, жанын, мұңын, арманын және халықтың қасиетті үнін сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін рухани мекен. Сондықтан Қалибек Қуанышбаев театрының 35 жылдық мерейтойы баршамыз үшін үлкен қуаныш. Қазақстандағы 80-ге жуық театрдың атынан ұжымға шығармашылық табыс тілеймін», – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Ал театрдың көркемдік жетекшісі Гүлсина Бақытжанқызы ұжымның шығармашылық ұстанымы мен алдағы даму бағытына тоқталды. Оның айтуынша, театр үшін дәстүр сабақтастығын сақтау мен жаңашылдыққа ұмтылу қатар жүруі керек.
«Қалибек Қуанышбаев театры дәстүрді сақтай отырып, заман талабына сай жаңашылдыққа ұмтылады. Біз өзімізді музей ретінде қарастырмаймыз. Ұлттық театр болған соң, өткеннің мұрасын құрметтеуіміз керек, сонымен бірге жаңа бағыттар мен тың ізденістерге де ашық болуымыз қажет.
Әр театрдың өзіндік жолы, шығармашылық қолтаңбасы бар. Бүгінде біздің ұжымда аға буын мен жас буын қатар еңбек етіп келеді. Ұрпақтар арасындағы көзқарас айырмашылығы табиғи құбылыс. Үлкен буын қалыптасқан дәстүрді сақтауға ұмтылса, жастар жаңа идеялар мен тың шешімдерге бастамашы болады. Осы екі бағыттың үйлесуі театрдың шығармашылық дамуына мүмкіндік береді. Біздің жас актерлеріміз де өте дарынды, ізденімпаз», – деді Гүлсина Бақытжанқызы.
Айта кетейік, мерейтой қарсаңында театрдың 250-ге жуық әртісі марапатталды. Сонымен қатар ұжымның шығармашылық жолын кеңінен таныту мақсатында «Абай» телеарнасымен бірлесіп деректі фильм түсірілді.
Мерейтойлық бағдарлама бүгін театр ғимаратында жалғасады. Сағат 12:00-де Жақып Омаров атындағы кіші сахнаның ашылуы және театрдың негізін қалаушы режиссердің жеке портретінің тұсаукесері өтеді. 12:30-да театрдың аға буын актерлерінің портрет галереясы таныстырылады.
Сағат 16:00-де театр фойесінде актерлердің қызыл кілеммен салтанатты шеруі ұйымдастырылса, 17:00-де үлкен сахнада мерейтойлық шығармашылық кеш ұсынылады.
Қалибек Қуанышбаев театрының 35 жылдығы – ұлттық сахна өнерінің тарихын түгендеп, бірнеше буын шығармашылығының сабақтастығын дәріптейтін маңызды мәдени оқиға.






