15 қараша – Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы күні. Биыл төл теңгеміздің айналымға енгізілгеніне 33 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ұлттық валюта еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің нышанына айналып, банкноттардың дизайны мен қорғаныш жүйесі де бірнеше рет жаңарды. Бүгінде теңгенің қандай ерекшеліктері бар? Алғашқы банкноттар мен қазіргі ақша белгілерінің айырмашылығы неде? Банкноттардың түпнұсқалығын қалай анықтауға болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Қазақстан Ұлттық банкінің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маман-экономисі Амина Жолмырза айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- 1993 жылы ұлттық валютаның айналымға енгізілуі еліміздің экономикалық дамуына қандай мүмкіндіктер ашты?
- 1993 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы шешім қабылданып, 15 қарашада сағат 8:00-ден бастап теңге айналымға шығарылды. Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін нығайтудағы маңызды тарихи қадам болды. Бұл елімізге дербес ақша-кредит саясатын жүргізуге, ақша айналымын реттеуге, инфляцияны бақылауға және ұлттық қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар теңгенің енгізілуі рубль аймағынан шығуға, елдің ішкі нарығын сыртқы ақша-экономикалық факторлардың тікелей ықпалынан қорғауға және нарықтық экономикаға көшу үшін қажетті жағдай жасауға негіз қалады. Осылайша, теңге мемлекеттің экономикалық егемендігінің маңызды нышанына айналып, Қазақстанның дербес қаржы жүйесінің қалыптасуына жол ашты.
- Алғашқы теңгемен салыстырғанда бүгінгі банкноттардың дизайны, қорғаныш жүйесінде қандай өзгерістер бар?
- 1993 жылы айналымға енгізілген алғашқы теңге банкноттарының дизайнында қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғалары бейнеленіп, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраға басымдық берілді. Ал қазіргі банкноттардың дизайны еліміздің тарихи құндылықтарын, мәдени мұрасын және ұлттық бірегейлігін заманауи көркемдік шешімдер арқылы көрсетеді.
Осы уақыт ішінде банкноттардың қорғаныш жүйесі де айтарлықтай жетілдірілді. Алғашқы банкноттарда сутаңба, қорғаныш жіптері және арнайы баспа элементтері қолданылса, қазіргі банкноттарда түсін көру бұрышына қарай өзгертетін элементтер, голографиялық бейнелер, бедерлі баспа және басқа да заманауи қорғаныш технологиялары пайдаланылады.
Атап айтқанда, жаңа «Сақ стилі» сериясы ежелгі сақ мәдениетінің элементтеріне негізделген және заманауи қорғаныш технологияларымен жабдықталған. Сонымен қатар, аталған серияда банкноттардың өлшемдері оңтайландырылды, бұл оларды дайындау кезінде материалдарды тиімді пайдалануға, өндірістік шығындарды азайтуға және экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, ұлттық валюта дизайнының жаңаруы оның көркемдік келбетін жетілдірумен қатар, банкноттардың қорғаныш деңгейін арттыруға және халықтың оларды оңай тануына бағытталған.
- Алдағы жылдары ұлттық валютаның дизайны, қорғаныш жүйесі немесе қолданылу тетіктері бойынша жаңашылдықтар күтіле ме?
- Қазіргі уақытта ұлттық валютаның дизайнын немесе қорғаныш жүйесін өзгерту бойынша жаңа жобалар жоспарланбаған. Дегенмен, Ұлттық банк банкноттар мен монеталардың сапасын, қорғаныш деңгейін және ұзақ мерзімділігін арттыру мақсатында халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды тұрақты негізде зерделеп отырады. Алдағы уақытта осы бағытта жаңа шешімдер қабылданған жағдайда, тиісті ақпарат Ұлттық банктің ресми ақпараттық арналары арқылы жарияланатын болады.
- Қаржылық сауаттылық тұрғысынан халық білуі тиіс теңгеге қатысты маңызды жайттар бар ма?
- Қаржылық сауаттылық тұрғысынан халықтың ұлттық валютаның қорғаныш белгілерін, қолма-қол ақшаны пайдалану және айырбастау тәртібін білуі маңызды. Ең алдымен, азаматтар банкноттардың түпнұсқалығын анықтаудың негізгі тәсілдерін меңгеруі қажет. Ол үшін банкнотты жарыққа тосып, сутаңбасын тексеру, бедерлі элементтерін сипап сезу және көру бұрышын өзгерту арқылы қорғаныш белгілерін бақылау ұсынылады. Сонымен қатар жаңа дизайндағы банкноттар айналымға енгізілген кезде ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың белгіленген мерзім ішінде қатар қолданылатынын білу маңызды.
Параллель айналым мерзімі аяқталғаннан кейін ескі үлгідегі банкноттарды банктер мен «Қазпошта» АҚ арқылы үш жыл бойы, ал Ұлттық банктің филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады. Бұдан бөлек, бүлінген банкноттарды белгіленген талаптарға сәйкес айырбастау мүмкіндігі бар. Азаматтарға ұлттық валютаның айналымына қатысты ресми ақпаратты Ұлттық банктің интернет-ресурсынан тексеру ұсынылады.
- Сұхбатыңызға рақмет.