Header Banner

Велоспортшы Әнел Тәшбай: Сенегалдың ауа райына бейімделу үшін моншада жаттықтық

Велоспортшы Әнел Тәшбай: Сенегалдың ауа райына бейімделу үшін моншада жаттықтық
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық велоспортшы Әнел Тәшбай алтын медаль жеңіп алды. Жеке уақытқа жарыста топ жарған спортшы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында тарихи жеңістен кейінгі әсері, Африкадағы ауа райына бейімделу кезіндегі қиындықтар, Олимпиада ауылындағы жағдай және Қазақстандағы жасөспірімдер велоспортының өзекті мәселелері туралы айтып берді.

– Әнел, жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атануыңызбен құттықтаймыз! Қазір қандай әсердесіз? Жарыс алдында алтын медаль жеңіп алатыныңызға сендіңіз бе?

– Жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, жарыс алдында жүлде алатыныма сенімді болған жоқпын. Үздік үштікке кіріп, екінші немесе үшінші орын аламын деп ойладым. Себебі, біздің жарысқа 40 елдің спортшысы қатысты. Олардың әрқайсысы Олимпиада жүлдесінен үмітті болды. Ал алтын медаль туралы тіпті ойлаған да жоқпын.

Нәтижесінде жеке уақытқа жарыста екінші орын алған қарсыласымнан 5 секундқа озып кеттім. Бұл мен үшін күтпеген әрі ерекше қуанышты жағдай болды. Жеңіс тұғырында Қазақстанның Әнұраны шырқалып, еліміздің көк туы көтерілгенін мақтан тұтамын.

– Сіз бұған дейін Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында топ жарып үлгердіңіз. Дегенмен Олимпиада чемпионы атанудың әсері ерекше шығар? Бұл жеңістің сіз үшін маңызы қандай?

– Әрине, жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіске жету – мүлде басқа деңгей, ерекше сезім. Осындай нәтижеге қол жеткізгенімді мақтан тұтамын. Мен осы жүлдемді спорттағы маңызды жетістігім деп санаймын.

Осы орайда бір жайтты атап өткім келеді. Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары төртінші мәрте ұйымдастырылып жатқанымен, велоспорттан ұлдар мен қыздар арасында жеке жүлделер алғаш рет сарапқа салынды. Бұған дейінгі Олимпиадаларда медальдар командалық және жұптық сайыстарда үлестірілетін.

Тарихқа көз жүгіртсек, 2018 жылы Евгений Федоров пен Глеб Брусенский Қазақстан құрамасына тарихи алтын медаль сыйлаған еді. Енді сол жетістікті жалғастырып, қыздар арасында алғаш рет Олимпиада чемпионы атандым.

Әрине, мұның бәрі бапкерлерімнің арқасында мүмкін болды. Мені жаттықтырған, қолдау көрсеткен, көмектескен және дайындығыма өз уақыты мен күш-жігерін жұмсаған барлық бапкерімнің еңбегі зор. Маған сенім артқаны және осы нәтижеге қосқан үлесі үшін олардың әрқайсысына шын жүректен алғыс айтамын.

– Биылғы жасөспірімдер Олимпиадасы Қазақстаннан шалғай орналасқан Сенегалда өтіп жатыр. Африка құрлығында ұйымдастырылған жарыстың қандай ерекшеліктерін байқадыңыз? Велосипедшілер үшін барлық қажетті жағдай жасалған ба?

– Мұнда біз байқаған басты ерекшелік – климат. Сенегалда күн өте ыстық әрі ауа ылғалдылығы жоғары. Дакар қаласы Атлант мұхитының жағасында орналасқан. Мен мұндай ауа райына мүлде үйренбегенмін.

Сенегалға келмес бұрын, Кипрде болдық. Ол жақта ауа температурасы шамамен +25 градус болды. Біз ыстық климатқа арнайы дайындалдық. Жаттығулар өткізіп, жоғары температураға бейімделу үшін, моншада велотренажермен үш рет жаттықтық. Алайда осындай дайындықтан өтсек те, Африкадағы аптап ыстық пен жоғары ылғалдылық біз күткеннен әлдеқайда қиын болып шықты.

Барлық спортшы Олимпиада ауылында тұрады. Бірақ келгеніміздің екінші күнінен бастап, ол жерде қалудың өте қиын екенін түсіндік. Бөлмелерде кондиционер жоқ, күн өте ыстық. Соның салдарынан түнде дұрыс ұйықтай алмадық, күшімізді толық қалпына келтіруге мүмкіндік болмады.

Сондықтан бапкеріміз жарыс өтетін орынға жақын орналасқан қаладағы қонақүйге орналастыру туралы шешім қабылдады. Ол жерде кондиционерлер бар, демалуға қолайлы жағдай жасалған. Жарыс басталғанға дейін бес күн бойы Олимпиада ауылынан қонақүйге түнеуге барып, кейін қайта оралып жүрдік.

Осының арқасында жақсы ұйықтап, толыққанды демалып, күшімізді қалпына келтірдік. Нәтижесінде жарысқа жақсы дайындықпен келдік.

– Дакар қаласында Олимпиада атмосферасы қаншалықты сезіледі? Жергілікті тұрғындардың спортшыларға деген көзқарасы қандай? Жалпы Сенегалдан қандай әсер алып жатырсыз?

– Мұнда Олимпиада атмосферасы ерекше сезіледі. Әсіресе Олимпиада ауылында. Мұнда 205 елден келген 3 мыңға жуық спортшы мен делегация өкілі жиналған. Барлығы өте ашық, мейірімді әрі сыпайы.

Қайда барсаң да, адамдармен кездесіп, әңгімелесесің, төсбелгімен алмасасың және басқа елдердің өкілдерімен танысасың. Осының бәрі ерекше атмосфера қалыптастырады.

Жалпы Сенегалдан алған әсерім ерекше. Бірақ жергілікті климатқа үйрену оңай емес. Мұнда күн өте ыстық, ауа ылғалдылығы жоғары. Мен үшін Қазақстанның ауа райы өзіме жайлы.

– Естуімізше, сіз велоспортқа келгенге дейін басқа да спорт түрлерімен айналысқан екенсіз. Неліктен дәл велоспортты таңдадыңыз?

– Велоспортқа келгенге дейін өзімді басқа да спорт түрлерінде сынап көрдім. Бірақ уақыт өте келе дәл осы велоспорт мені қатты қызықтырды. Бұған алғашқы бапкерім Сергей Сергеевич Цуканов үлкен ықпал етті. Ол мені үнемі қолдап, көп нәрсе үйретті және спортшы ретінде дамуыма көмектесті.

Маған достарыммен бірге жаттығу ұнайтын. Ал алғашқы жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастаған кезде велоспортқа деген қызығушылығым одан әрі арта түсті.

– Қазақстанда велоспортпен айналысқысы келетін жасөспірімдер үшін жасалған жағдайды қалай бағалайсыз? Өз тәжірибеңізге сүйенсек, осы спорт түрінде жетістікке жету үшін ең маңыздысы не?

– Шынымды айтсам, Қазақстанда велоспортты дамытуға, әсіресе жасөспірімдер деңгейінде әлі де жеткілікті қаржы бөлінбейді деп есептеймін. Спортшылардан жоғары нәтиже талап етіледі. Бірақ оған қол жеткізу үшін, қажетті жағдай әрдайым жасала бермейді.

Еуропалық командалармен салыстырсақ, олардың құрамында массаж мамандары, дәрігерлер, бірнеше бапкер мен механик бар. Ал бізде көбіне командамен бірге жарысқа бір бапкер мен бір механик қана барады. Қажетті құрал-жабдық пен қаржылық қолдау да үнемі жеткілікті бола бермейді.

Жас спортшыларға көбірек көңіл бөлініп, олардың дайындығына көбірек қаржы жұмсалғанын қалаймын. Өйткені тиісті жағдай жасамай тұрып, спортшылардан жоғары нәтиже талап ету мүмкін емес.

Ал велоспортпен айналысқысы келетін жасөспірімдерге қиындықтарға дайын болуға кеңес берер едім. Бұл спорт түрі үлкен еңбекті, шыдамдылық пен жанқиярлықты талап етеді.

Өз тәжірибеме сүйенсем, ең бастысы – өзіңе сену, қандай қиындық болса да мойымау және соңына дейін күресу. Сондай-ақ өзгенің пікірі мен түрлі жағдайдың алға қойған мақсатыңа жетуге кедергі келтіруіне жол бермеу маңызды.

- Сұхбатыңызға рахмет!