Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Аталған жарыста 95 келідегі Нұрғиса Әділетұлы қоссайыста күміс жүлде жеңіп алды. Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, спортшылардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспары туралы айтты.
- 27 қазан – 8 қараша аралығында Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан Олимпиадаға іріктеу аясындағы әлем чемпионаты өтті. Ұлттық құрама бұл жарысқа қандай мақсатпен барды? Алға қойған жоспарларыңыз қаншалықты орындалды?
– Қытайда өткен әлем чемпионатының басты ерекшелігі – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына рейтингтік ұпай берілетін алғашқы жарыс болуы. Сондықтан әлемнің 95 елінен 500-ге жуық спортшы жиналды.
Қазақстан атынан ерлер арасында ұлттық құраманың үш көшбасшысы және тағы екі ауыр атлет өнер көрсетті. Нәтижесінде 85 келіде Едіге Емберді 16-орынға, 75 келіде Петр Хребтов 14-орынға тұрақтады. Ал көшбасшыларымыздың арасында 95 келіде Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдеге ие болса, 85 келіде Алексей Чуркин 4-орын, 110 келіде Артем Антропов 8-орын алды.
Басты мақсатымыз - көшбасшыларымыздың әр салмақта үздік сегіздікке енуі еді. Бұл жоспарымыз орындалды.
Оның үстіне Артем Антропов Қытайға барған кезде белі ауырып қалды. Ол толық мүмкіндігін көрсете алмаса да, 8-орынға тұрақтады.
- Азия ойындары мен әлем чемпионатының арасы тым жақын болды. Бұл спортшылардың қалпына келуіне және әлем чемпионатына дайындалуына қалай әсер етті? Екі маңызды жарыста да бабын сақтап қалу қаншалықты қиын болды?
– Осыдан тура бір ай бұрын Алексей Чуркин (85 келі) мен Нұрғиса Әділетұлы (95 келі) жазғы Азия ойындарында күміс жүлде жеңіп алған еді. Енді араға бір ай салып, Олимпиадаға іріктеу аясындағы әлем чемпионатына да қатысты.
Ауыр атлеттер үшін бір ай – толық қалпына келуге өте аз уақыт. Қайта жарақат алу қаупі де бар. Оның үстіне екі бірдей ірі жарысқа қысқа уақыт аралығында қатысу психологиялық тұрғыдан да оңай емес.
Тағы бір айта кететін жайт, Нұрғиса жыл басында иығына, ал Алексей ішіне ота жасатты. Соның салдарынан дайындық барысында біршама уақыт жоғалттық. Қазір екеуі де мүмкіндігін 100 пайыз көрсете алмай жүр. Толық қалпына келуі үшін әлі де уақыт қажет.
Бізде 2028 жылға дейін арнайы әзірленген стратегиялық жоспар бар. Азия ойындарынан бастап сол жоспар бойынша жұмыс істеп келеміз.
- 16–22 қараша аралығында Астанада Қазақстан чемпионаты өтеді. Осы жарыстың маңызы мен ерекшелігіне тоқталсаңыз. Ұлттық құраманың үздік спортшылары түгел қатыса ма? Кімдер жарыстан босатылады?
– Ел ішіндегі маңызды жарыстың бірі саналатын Қазақстан чемпионатына барлық өңірден 200-ге жуық спортшы қатысады деп күтіп отырмыз.
Ұлттық құраманың үздік спортшылары түгелге жуық қатысуға міндетті. Тек жарақатына байланысты Алексей Чуркин мен Сергей Петрович жарыстан босатылады.
Қазақстан чемпионатынан кейін, 7-16 желтоқсанда Дохада Лос-Анджелес Олимпиадасына рейтингтік ұпай берілетін кезекті жарыс өтеді. Соған дайындаламыз.
- Сұхбатыңыға рахмет!