Микрокредит қашан қаржылық тұзаққа айналады – қаржы сарапшысының пікірі

Микрокредит қашан қаржылық тұзаққа айналады – қаржы сарапшысының пікірі
Фото: Нұрболат Туысбайұлының жеке мұрағатынан

Бір кредитті жабу үшін екіншісін алу, ай сайынғы табыстың жартысын қарыз төлеміне жұмсау, ақшаның қайда кеткенін есептемеу – қаржылық қиындықты тереңдете түсетін әдеттер. Микрокредит қандай жағдайда пайдалы қаржы құралы бола алады? Қарыз жүктемесінің қауіпті деңгейін қалай анықтауға болады? Бірнеше кредиті бар адам қайсысын бірінші өтегені дұрыс? Осы және өзге де сұрақтарға қаржы сарапшысы, «Қаржылық сауат» Telegram-арнасының авторы Нұрболат Туысбайұлы Elordainfo.kz тілшісіне жауап берді.

– Нұрболат мырза, микрокредит қандай жағдайда қалыпты қаржы құралы, ал қай кезден бастап қаржылық тұзаққа айналады? 

– Жай кредит болсын, микрокредит болсын, қай-қайсысы да – құрал. Ол тек бізде ғана бар дүние емес, оны әлем қолданады. Тек ұтымды қолдана білу керек. Ұтымды дегенім – салдарын түсіну, проценті мен қаржы ұйымының шарттарын біліп барып алу. Есебіңді білу. Әліңді білу. 

Егер микрокредиттің процентін түсінбей, «көрпеңе қарай көсілуді» білмесең, «қазір ақша шықса болды, ертең бірдеңе қылып жабармын» деген принциппен көзсіз ұрынатын болсаң, онда азабын тартуың бек мүмкін.

Өкінішке қарай бізде осындай пайым басым тұрады. Кімге, неге сенеріңді білмесең де, әйтеуір, келер-келмесі белгісіз ақшаның көзіне үміт артып тұрасың. Бір мәнісі болар дейсің. Осындай салғарттық сіз бен бізді құртатын.

Ақылмен алмаған ақшаның қандай мәнісі болсын?! Жалпы, тұрақты табысы жоқ адамға микрокредитке жоламауға кеңес берер едім. Неге? Өйткені басқа заемдарға қарағанда оның проценті өте жоғары.

Қандай жағдайда алуға болады? Егер тұрақты табысың болса, дәл қазір ақша керек, бір аптадан соң айлығың түсетініне көзің жетіп тұрса және жалақыңның бір бөлігіне сол қарызды жауып тастай алатыныңа сенімді болсаң.

Мысалы, тіс дәрігеріне бару керек немесе көлігің аяқ астынан бұзыла қалды. Екеуі де өмірде болатын жағдай. Екі жағдайда да қалтадан көп ақша шығуы мүмкін. Егер келесі аптада түсетін айлығыңнан алған қарызды жауып тастайтыныңа толық сенімді болсаң, қазір ситуациядан шығу үшін қарыз алуға болады. 

Тіпті, қазір көп жерде бөліп төлеу қызметін ұсынып жатады. Тіс емханасы да, көліктің қосалқы бөлшегін сататын сатушы да бөліп төлеуге тауары мен қызметін ұсына береді. Мүмкіндігінше «ақшаны тез береді екен» деп микрокредитке жүгіре жөнелмей, сондай игіліктерді де ұтымды қолдана білген жақсы. Есесіне ісің де бітеді, артық процент те арқаламайсың. 

Ал егер сен құмар ойыншы болсаң, «ставка» тігетін болсаң, бүгін болатын матчтардан көп ақша шығаратыныңа сеніп, сол үшін ақша алатын болсаң, онда ол – тұзақ. Өзіңе ор қазып жатпағаныңа ешкім кепілдік бермейді.

Өмір болғасын, кейде шынында да қолма-қол ақшаға зәру боп қалатын сәттер кездеседі. Сондайда бір сәт жан-жаққа қарап, «қайдан қарыз ала тұрсам болады?» деп ойланып алғанның артықтығы жоқ.

Нарықта неше түрлі құралдар бар. Соның бірі – мысалы, ломбард. Кішкене ойланатын адам салыстырады. Мәселен, микрокредиттің талабына қарағанда, ломбардтан келетін қауіп (риск) аз. Өйткені ол жерден қарыз алған адам өзінің құнды затын кепілге қалдырады. Ол техника болуы мүмкін, әшекей болуы мүмкін. Қарыз қайтпай қалған күннің өзінде сол кепілдегі затыңмен «жабылады». Бірақ ол кредит тарихыңа әсер етпей қоймайды. Оны да ескеру керек. Ал микрокредитті жаба алмасаң, ізіңе коллектор түседі, ісің сотқа жетеді, барлық шотың бұғатталады. Оның проценті қарыз үстіне қарыз жамай береді. Салдары оңай болмайды.

– Адамның табысының қанша бөлігі қарыз төлеміне кетсе, оны қауіпті деңгей деп бағалауға болады? 

– Табысыңның тең жартысы кредит/бөліп төлеулерге кететін болса, онда қыл үстінде жүрсің деген сөз. Негізі қаржыгерлер 30%-дан аспау керек дейді. Бірақ өкінішке қарай, көп адамның кредиттік төлемдері одан асып кетіп жатады. Өмірде кредиттен бөлек те шығын көп қой. Пәтер жалдап тұрсаң, ай сайын төлейтін ақысы бар, коммуналдық төлем, азық-түлік – бәрі бір отбасының бюджетіне әжептәуір салмақ салады.

Сондықтан «рассрочканың» заманында әр нәрсеге қызығып, эмоциямен қалаған затыңды ала берген де ақылды шешім емес. Қазір төлемнің нешетүрлі жеңіл түрін ұсынатын банктер мен тауарлардың жарнамасы әр жерден менмұндалап тұрады. Осы жүргенде бәріміз де маркентингтің құрбанымыз. Әлсіз тұсымызды жақсы біледі. «Қалтаңда ақшаң жоқ па, қиналма, тауарды қазір ала бер, кейін төлейсің» деген месседж. Қалай қызықпайсың?

Мұндай (бөліп төлеуге қатысты) сервисті қазір тек банктер ғана емес, дүкендер де өзінің ішкі шарттарымен ұсына береді. Ал ол қарыздар кредит бюросына көрінбей қалатын болғандықтан, Ұлттық банк осы жүйені реттегелі жатыр. Өйткені банктер кредит берерде азаматтардың мойнында басқа да қарыздар бар екенін білмей қалады. Сөйтіп азаматтың мойнында үлкен қарыз жүктемесі пайда болады. 

Сондықтан әр адам қолдан келсе, өз эмоциясын тыйып, «көрпесіне қарай көсіліп», кірісі пен шығысын қағазға түсіріп отыруды әдетке айналдырғаны жақсы. Бұл, тіпті, ай сайын әдетке айналдыру керек міндетті талап дер едім.

Қазір ақшамыздың бәрі электрондық форматта. Қолма-қол ақшаны аз ұстаймыз. Оның да өз сиқыры бар. Мысалы, адам қолында тұрған ақшасын санап, өз қолымен беріп жатса, ойланар еді. «Мә, қалтамда тұрған ақшамның көп бөлігі етке кетіп қалды, қалған ақшамды айлыққа дейін жеткізу керек» дер еді. Ал цифрлы ақшада қалай жұмсалып жатқаны білінбейді. Картаңды я телефоныңды терминалға тосып, төлеп жүре бересің...

Сондықтан қандай да бір қарызды алмас бұрын, жақсылап ойланып, ай сайынғы шығындардың есебін жатқа біліп, қағазға түсіріп, бағыттап отыру керек. Ас-суыңды алып, міндетті төлемдеріңді төлеп болған соң айлық табысыңнан қанша қалады? Соның есебін білген маңызды.

– Неліктен бұрынғы кредитті немесе микрокредитті жаңа қарызбен жабу қауіпті?

– Өйткені оның түк пайдасы жоқ. Сен ескі қарызды жаңа қарыз алып жабарсың, ол саған дәл қазір проблемаңды шешкендей жеңілдік берген болуы мүмкін, бірақ сен бүгін құтыла алмай жатқан процентіңнің үстіне тағы процент жамап жатсың. Яғни жаңа қарызбен проблема шешілмейді, керісінше, созыла түседі.

Мысалы, сен қазір ай сайынғы 50 000 теңгені төлей алмай тұрсың делік. Оны жауып, тыныш табам деп микроқаржы ұйымынан тағы қарыз аласың. Енді келесі айдың есебін қара: ескі қарыздың 50 000 теңгесі бар, оған тағы МҚҰ-ның жаңа қарызы өз процентімен қосылады.

Ай сайынғы ауыртпалықты екі есе арттырып алдың деген сөз. Сен бұл жерде тығырықтан шыққан жоқсың, керісінше, жағдайды ушықтырып алдың.

Бірде Ұлттық банктің зерттеуіне көзім түсті. Үлкен еңбек микрокредит нарығының шынайы бет-бейнесін ашқан. Неге жұрт ақша іздесе микроқаржы ұйымдарына «жүгіреді»? Қарыз алушылар кім? «Айлыққа дейін» алатын ақшаның орташа сомасы қандай? Осы сұрақтардың бәріне жауап бар.

МҚҰ жағалайтын топтың басым бөлігі бір қарызбен шектелмейді екен. Зерттеу соны көрсетіп отыр. Бір адам бір жылда орта есеппен 8-10 рет займ алады дейді. Бір жыртықты екінші жыртықпен жамау ғой. Яғни микрокредит алғандардың 70%-тен астамы мойнындағы қарызын жабу үшін басқа микроқаржы ұйымына жүгінетінін мойындаған. Қорқынышты.

Сосын қарыз алушылар «жасарып» барады. 18-25 жас аралығындағы буын «жеңіл ақшаға» құмар. Олар үшін телефоннан екі «кнопканы» басып, 50 мың теңгені картаға түсіру — өте оңай шешім. Бірақ сол ақшаның қандай азаппен қайтатынын олар кейін түсінеді...  

– Қарызы көп адам алдымен ең шағын қарызын жабуы керек пе, әлде пайызы ең жоғары қарыздан бастаған тиімді ме?

– Ол кредиттің түріне де байланысты. Егер адам банктен немесе микроқаржы ұйымынан қолма-қол ақша алған болса (қарызға), онда алдымен содан құтылған жақсы. Неге? Өйткені ол – тұтыну кредиті.

Біріншіден, оның ипотека мен автокредитке қарағанда проценті жоғары.

Екіншіден, кредит рәсімделген соң банк алғашқы айларда/жылдарда алдымен клиенттен өзі белгілеген процентінің пайдасын өндіреді.

Мысалы, банктен 1 жылға 200 мың теңге кредит алдық. Ай сайынғы төлем – 20 000 теңге. Сол жиырма мың теңгенің он екі мыңы тек банк процентіне кетеді. Қалған сегіз мыңы ғана негізгі қарызды жабуға кетеді. Одан кейінгі екінші, үшінші айларда да осы жағдай қайталанады. Яғни клиент алғашқы уақыттарда негізгі қарыздан гөрі банк көретін процентті көбірек төлейді.

Неге бұлай? Өйткені қарыз берер кезде банктер төлем кестесін автоматты түрде аннуитет-нұсқамен шығарып береді. Біз, адамдар, қаржылық сауаты төмен кейбір қарапайым жұрт кредит алар кезде банк қызметкері шығарып берген кестемен (төлем графигімен) келісіп, қол қоя саламыз. Рас қой? Рас. Ал басында көбірек төлеп, кейін азая беретін сараланған (дифференциалданған) әдіс туралы банктер тіс жармайды. Өйткені ол нұсқа қаржы ұйымына аса тиімді емес.

Сұрағыңызға келсек, проценті жоғары үлкен қарыздан мейілінше тезірек құтылған жақсы. Мысалы, ай сайын уақытында келіп тұратын төлемді төлеп, келесі күні қолда артық ауысатын ақша болса, соны кредиттің айлық төлемін азайтуға емес, мерзімін қысқартуға бағыттап, төлейтін болсақ (ол кезде ай сайын төлейтін сома сол күйінде қала береді, азаймайды), банкке көп ақша бермес едік. Осының айырмасын білген маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет!