Бокстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев U19 Қазақстан чемпионатына баға беріп, қазақ боксының жаңа есімдері мен ұлттық құраманың алдағы жоспары туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- U19 Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Бас бапкер ретінде алғаш рет ел додасын тамашаладыңыз ғой. Қаншалықты көңіліңізден шықты?
2026 жылдың 10 қаңтарында жастар құрамасының бас бапкері қызметіне ресми түрде тағайындалғандықтан, былтырғы ел чемпионатын тамашалай алмадым. Биыл 20 өңірден жиналған 346 боксшының өнерін өз көзіммен көріп, бағалауға мүмкіндік алдым.
Жалпы чемпионатқа орташа баға беремін. Кейбір салмақтардағы бәсекелестік көңілімнен шықты. Жеңіл салмақ дәрежелерінде 50-ден астам боксшы тіркеліп, кей спортшыларға чемпион атану үшін 5-6 жекпе-жек өткізуге тура келді. Ал кейбір салмақтарда айқын көшбасшыны байқай алмадым.
- Жастар құрамасымен бір жылдай уақыт жұмыс істедіңіз. Бірақ осы чемпионатта сіз үшін таныс емес, бірақ жақсы қырынан көрінген қандай боксшылар болды?
- U19 Қазақстан чемпионатында жақсы жұдырықтасып, ерекше көзге түскен бірнеше боксшы болды. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, жастар санатына енді ауысқан 65 келідегі Эмир Мұхит (Алматы), жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының чемпионы, 70 келідегі Даниял Шалқарбай бар.
Сондай-ақ 55 келіде жүлдегерлер қатарына енбесе де, өзін жақсы қырынан көрсете білген Әділет Ералыны (Шымкент), 75 келідегі Дарын Тасмұхабетті (Маңғыстау облысы) ерекше атап өтер едім. Ал 55 келіде үш қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген Жұмағали Нұрмахан (ШҚО) қарсыластарынан бір бас жоғары өнер көрсетті.

-- Жеке өзіңізге қай боксшылардың өнері ұнады? Қай спортшыларға көңіліңіз толмады?
- Алтын жүлде үшін ең тартысты бәсеке 65 және 75 келі салмақ дәрежелерінде болды деп санаймын. 65 келінің финалында Досжан Жұмақан мен Эмир Мұхиттың жекпе-жегі соңғы секундқа дейін тартысты өтті. Нәтижесінде Досжан чемпионаттың «Үздік боксшысы» атанса, Эмир «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясына ие болды.
75 келіде де бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Бұл салмақта әлем чемпионатының қатысушысы Амир Рамазан, күміс жүлдегер Дарын Төлеген (Алматы) және қола жүлдегер Дарын Тасмұхабет (Маңғыстау облысы) шаршы алаңда жеңіске деген жігерін көрсетті. Тіпті бірқатар мықты боксшылар жүлдегерлер қатарына да іліге алмай қалды.
Ал 85 және 90 келі салмақ дәрежелерінде бәсекелестік әлі де төмен. Бұл бағытта жұмыс істеуіміз қажет.
- Ұлттық құрама жасақталды. Енді алдағы жоспарларыңыз?
- U19 Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталды. Енді қаңтар айынан бастап оқу-жаттығу жиындарына кірісеміз. 2027 жылы жастар құрамасын Futures Cup, U19 Азия чемпионаты секілді маңызды халықаралық жарыстар күтіп тұр.
- Сұхбатыңызға рахмет!