Header Banner

Президент Жолдауында медицина саласындағы маңызды бастамаларға басымдық берілді - сарапшы

Президент Жолдауында медицина саласындағы маңызды бастамаларға басымдық берілді - сарапшы
Фото: Magnific.соm

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру және медицина қызметкерлерінің еңбегін қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметіне берілетін кепілдіктер туралы жеке заң әзірлеу. Бұл туралы саясаткер, саясаттанушы және кәсіпкер, Құрылтай депутаты Дана Медеуова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen-ге сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, медицина қызметкерлерін қорғау – тек салалық мәселе емес, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен халық денсаулығына тікелей қатысты стратегиялық міндет.

«Ең алдымен, медицина қызметкерлері – елдің ұлттық стратегиялық ресурсы деген ақиқат қағидатты мойындауымыз қажет. Мемлекет қауіпсіздігі туралы сөз қозғағанда, әдетте қорғаныс, экономика, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін алға тартамыз. Алайда оның тағы бір іргелі құрамдас бөлігі – халық денсаулығы екенін ұмытпаған абзал.

Бүгінде медицина қызметкеріне орасан зор жауапкершілік жүктелген. Соған сәйкес оның құқықтық мәртебесін, еңбек кепілдіктерінің қорғалу тетіктерін күшейту қажет. Сондықтан Құрылтай депутаттарынан құрылған арнайы жұмыс тобы дәрігерді қорғаудың нақты құқықтық тетіктерін бекітетін жеке заң қабылдауды ұсынып отыр. Дәрігердің қауіпсіздігі, кәсіби өсуі мен әділ табысы – оның адал әрі тиімді еңбек етуіне негіз болатын жағдайлар», – деді Дана Медеуова.

Депутат медицина саласындағы кадр тапшылығы мен білікті мамандардың шетелге кетуіне де тоқталды. Оның пікірінше, мәселені тек жаңа мамандар даярлау арқылы шешу мүмкін емес. Ең алдымен, тәжірибелі дәрігерлердің салада тұрақтап қалуына жағдай жасау қажет.

«Білікті маман даярлау ұзақ жылғы оқу мен тәжірибені, мемлекет пен болашақ маман тарапынан қомақты қаражатты талап етеді. Бірақ жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломның өзі жеткіліксіз. Нағыз кәсіби маман көп жылғы клиникалық тәжірибе барысында қалыптасады. Осындай маман кәсіптен немесе елден кеткенде, бір дәрігерден ғана айырылмаймыз, жинақталған тәжірибеден, кәсіби құзыреттерден және азаматтарымызға сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігінен қол үземіз.

Сондықтан біз кадр тапшылығын толықтыру саясатынан мамандарды ұзақ мерзімге тұрақтандыру жүйесіне көшуді ұсынамыз. Ол үшін кәсіби мамандардың өз саласында қалуына, мансаптық өсуі мен еңбегінің лайықты бағаланатынына көз жеткізуіне мүмкіндік беруіміз керек», – деп атап өтті депутат.

Дана Медеуованың айтуынша, әзірленіп жатқан заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін бекіту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту және құқықтық қорғалуын күшейту мәселелері қарастырылған.

«Болашақ заңның тек жалпы анықтамалар мен декларативті нормалардан тұратын құжатқа айналмауы өте маңызды. Оның құндылығы медицина қызметкерінің жұмыс орнында сезінетін шынайы өзгерістермен өлшенеді.

Біріншіден, медицина қызметкерінің ерекше кәсіби мәртебесін заң жүзінде бекіту қажет. Екіншіден, біліктілікті, жұмыстың күрделілігін, кәсіби тәуекелдерді және жауапкершілік дәрежесін ескере отырып, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру керек. Үшіншіден, кәсіби қауіпсіздік, тәуелсіздік және құқықтық қорғау кепілдіктерін күшейту маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау, тәлімгерлік пен біліктілікті арттыруға жағдай жасау да назардан тыс қалмауы тиіс.

Әсіресе елдің әр өңірінде сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуы үшін ауыл медицинасы қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлуіміз керек», – деді ол.

Депутат медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау пациенттердің мүддесіне қайшы келмеуі керектігін де атап өтті. Оның пікірінше, дәрігер де, пациент те заңмен қорғалуы тиіс.

«Медицина қызметкерінің құқықтарын қорғау біржақты болмауы керек, пациент те қорғаусыз қалмауға тиіс. Пациент сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек алуға, шағымының объективті қаралуына және заңды негіз болған жағдайда келтірілген зиянның өтелуіне құқылы. Сонымен бірге дәрігердің де өз әрекеттерінің әділ бағалануына, кәсіби тәуелсіздікке және негізсіз айыптаудан қорғалуға құқығы бар.

Әрбір жағдай клиникалық ахуалды, кәсіби стандарттарды және іс жүзінде қабылданған шешімдерді ескере отырып, жан-жақты қаралуға тиіс. Бұл дәрігерді жауапкершіліктен босату емес, шынтуайтында – әділдіктің кепілі. Дәрігер емдеуден қорықпауы, ал пациент өз құқықтарының қорғалатынына күмәнданбауы керек. Осындай ортақ шешім қоғам мен медицина қауымдастығы арасындағы сенімді қалпына келтіруге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Дана Медеуова.

Сонымен қатар заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтын енгізу мәселесі де қарастырылған. Бұл тетік дәрігерлердің еңбек барысында кездесетін заңсыз қысым, кәсіби қызметіне араласу және құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерін шешуге бағытталмақ.

Сөз соңында депутат медицина қызметкерлерін қолдауға жұмсалатын қаражатты адам капиталына салынған ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.

«Білікті мамандар кәсіптен кеткенде кадр тапшылығы туындайды, қалған қызметкерлердің жүктемесі артып, салдарынан кәсіби қажуға әкеледі. Мұндай жағдайда, сайып келгенде, мемлекет те, қоғам да елеулі шығынға ұшырайды. Сондықтан медицина қызметкерлерін қолдауға бөлінетін қаражатты шығын емес, адам капиталына салынатын ұзақмерзімді инвестиция деп қарастырған жөн.

Медициналық көмектің сапасы дәрігер жұмыс істейтін жағдайларға тікелей байланысты. Шаршаған, шамадан тыс жүктемелерден қажыған, заңды мүддесі қорғалмаған медицина қызметкеріне жауапты клиникалық шешім қабылдау әлдеқайда қиын. Сондықтан оның өзін қорғай отырып, біз медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға да алғышарт жасаймыз.

Денсаулық сақтау саласының дамуы тек ауруханалар салу мен заманауи жабдық сатып алу емес. Оның тиімділігін ең алдымен сол мекемелерде еңбек ететін адамдар айқындайды. Болашақта денсаулық сақтау жүйесі қуатты әрі тұрақты болсын десек, адам өмірін сақтауға тынымсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлерге бүгіннен бастап қамқорлық жасауымыз керек», – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.