Header Banner

Найла Мұхтарова: Президент Жолдауы жастарға айқын бағыт-бағдар берді

Найла Мұхтарова: Президент Жолдауы жастарға айқын бағыт-бағдар берді
Фото: Найла Мұхтарованың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысының биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында цифрлық экономиканы дамыту, жастарды жұмыспен қамту және ауыл жастарына тең мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент көтерген бастамалар жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың ел экономикасына белсенді араласуына жол ашады. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Сарапшының айтуынша, Жолдауда жастарға қолдау көрсету мәселесімен қатар, олардың ел дамуына белсенді атсалысуына бағытталған нақты міндеттер белгіленген.

«Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – халыққа қолжетімді цифрлық экономиканы дамыту. Бүгінде интернет тек ақпарат алмасып, көңіл көтеретін кеңістік болып қалмауы керек. Ол азаматтардың еңбек етіп, кәсіп ашуына, жаңа өнім жасап, табыс табуына мүмкіндік беретін құралға айналуға тиіс. Смартфон уақытты босқа өткізетін қымбат ойыншық емес, адал табыс табудың құралы болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуды жеңілдететін арнайы құқықтық режим әзірлеу жоспары маңызды. Бұл бастама фриланс, интернет арқылы сауда жасау, цифрлық платформаларда жұмыс істеу және контент өндіру сияқты қызмет түрлерін реттеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, осы салаларда еңбек ететін азаматтар үшін түсінікті әрі қолайлы жағдай қалыптастыру қажет», – деді сарапшы.

Найла Мұхтарованың пікірінше, цифрлық еңбек түрлері қазіргі жастардың өмір салтына сай келеді. Сонымен қатар бұл бағыт олардың кәсіби қабілетін шыңдап, еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік береді.

«Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе – адамның мүмкіндігі оның қай жерде тұратынына байланысты болмауға тиіс. Ауылдағы жас қаладағы құрдасымен бірдей бәсекеге түсе алуы керек. Ол үшін өңірлерде қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту маңызды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің цифрлық арналарын дамыту, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, ауылдарды газбен және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – осы міндеттің құрамдас бөліктері. Ауыл өндірушілерінің өнімін цифрлық платформалар арқылы сатуға бағытталған пилоттық жобалар мен «Халықтық құрылыс» бағдарламасы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Мұндай бастамалардың нәтижесінде жастар туған жерінде де өз қабілетін іске асырып, кәсібін дөңгелетіп, болашағын қалыптастыруға мүмкіндік алады. Сондықтан ауыл мен қала жастарының мүмкіндіктері арасындағы алшақтықты азайту – маңызды міндеттердің бірі», – деп атап өтті ол.

Сарапшы жастарды еңбекке тарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, оқымайтын да, жұмыс істемейтін де жастардың үлесі азайғанымен, бұл бағыттағы мәселе әлі де өзекті.

«2026 жылдың екінші тоқсанындағы дерекке сәйкес, оқымайтын әрі жұмыс істемейтін жастардың үлесі 5,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштің артында 300 мыңнан астам жас тұр. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту мәселесіне кешенді түрде қарау қажет.

Цифрлық еңбек олардың көпшілігі үшін еңбек нарығына қайта оралудың ең қолжетімді жолы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта интернет арқылы жұмыс істеу, онлайн саудамен айналысу, контент өндіру секілді бағыттар жастарға өз қабілетін сынап, табыс табуға мүмкіндік береді. Әрине, кез келген мүмкіндік жауапкершілікпен қатар жүреді. Сондықтан жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, еңбек мәдениетін қалыптастыру да назардан тыс қалмауы керек», – деді Найла Мұхтарова.

Сөз соңында сарапшы «Адал азамат» құндылықтарының жастардың қоғамдық өмірге араласуы мен цифрлық өзгерістерге бейімделуі кезеңінде де маңызын жоғалтпайтынын атап өтті.

«Президент Жолдауы жастарға айқын бағыт-бағдар берді. Қазір олардың алдында білімін жетілдіруге, еңбек етуге, кәсіп бастауға және өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік көп. Ендігі ортақ міндетіміз – осы мүмкіндіктерді нақты іске айналдырып, әр жастың қабілетін толық ашуына жағдай жасау.

Цифрлық экономикаға бейімделу тек технологияны меңгерумен шектелмейді. Ол – жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, адал еңбек ету және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. «Адал азамат» қағидаттары да осы ұстанымдармен сабақтасады. Жастардың белсенділігі мен жауапкершілігі артқан сайын ел дамуына қосатын үлесі де салмақты бола түседі», – деп түйіндеді Найла Мұхтарова.