Биыл қаңтар–қазан айларында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,6 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9% артық, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Есепті кезеңде жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-шақырым (жолаушылар айналымы – тасымалданған барлық жолаушының жүріп өткен қашықтығының жиынтық көрсеткіші) болды. Бұл өткен жылдың қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда 8,1%-ға өсті.
Жолаушыларды барлық қатынас түрі бойынша тасымалдаудан түскен кіріс 1,4 трлн теңгеге жетті.
Жолаушылар тасымалының негізгі көлемі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі. Он айда бұл көлік түрімен 1,6 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артық. Аталған көлік түрлерінің жолаушылар айналымы 38,8 млрд жолаушы-шақырымға жетіп, 9,5%-ға өсті.
Әуе көлігімен 13,8 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Жолаушылар айналымы 10,7%-ға өсіп, 28,2 млрд жолаушы-шақырым болды. Әуе тасымалынан түскен кіріс 852,1 млрд теңгеге жетті.
Ішкі су көлігімен 267,7 мың жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Жолаушылар айналымы 10,8%-ға артты.
Теңіз және жағалау көлігімен 46,8 мың жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе көп.
Теміржол көлігін 15,7 млн жолаушы пайдаланды. Жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-шақырым.
Жолаушылардың ең көп саны Алматы қаласында – 394,8 млн адам, Астана қаласында – 285,6 млн адам және Қарағанды облысында – 122,2 млн адам тіркелді.
Жолаушылар айналымының ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласында – 24,7 млрд жолаушы-шақырым, Астана қаласында – 15,1 млрд және Шымкент қаласында 6,4 млрд тіркелді.