Қазақстанның өткізу пункттерін жаңғырту аясында Қырғызстанмен шекарадағы «Сыпатай батыр» автомобиль өткізу пунктінде заманауи инспекциялық-тексеру кешені (ИТК) салынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, жобаны іске асыру өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыруға, тексеру рәсімдерін жақсартуға және мемлекеттік шекарадан өту жағдайларын ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша «Сыпатай батыр» өткізу пункті арқылы 326,8 мың көлік құралы мен 850 мың адам өткен. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл 25 қарашада басталады. Құрылыс кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның «Сыпатай батыр» және Қырғызстанның «Чалдыбар» шекаралас өткізу пункттері арқылы көлік құралдарының барлық түріне қозғалыс уақытша шектеледі. Жұмыстарды жүргізу мерзімі алдын ала шамамен алты айды құрайды», - делінген хабарламада.
Жаяу жүргіншілер үшін қоршаулармен және ескерту белгілерімен жабдықталған уақытша қауіпсіз өту жолдары ұйымдастырылады. Бұл жолдар құрылыс жұмыстары мен құрылыс техникасы қозғалысы аймағынан тыс орналасады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көлік қатынасын үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тасымалдаушылар қолданыстағы балама өткізу пункттерін пайдалана алады. Олар: «Қордай», «Қарасу», «Аухатты», «Сортөбе» және «Айша-Бибі».
Ведомство азаматтар мен тасымалдаушылардан маршруттарды жоспарлау кезінде уақытша шектеулерді ескеруге шақырды.