Астананың 122 мектебінде 1 желтоқсаннан бастап оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға арналған оқырман клубы ашылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыру және зерделі ұлт қалыптастыру мақсатында 2026 жылы еліміздің барлық өңірінде «Кітап оқитын ұлт» жобасын кеңінен жүзеге асыру жоспарланған.
Осы жұмысты әдістемелік тұрғыдан қолдау үшін Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығы мектептерге арналған ұсынымдар әзірледі. Құжатта педагогтердің тұрақты оқуын ынталандыру, оқушылардың оқырмандық белсенділігін арттыру және ата-аналарды отбасылық оқуға тарту жолдары қамтылған.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында 1 желтоқсаннан бастап Астана қаласының 122 мектебінде барлығы 366 оқушыға, педагогтерге және ата-аналарға арналған оқырмандар клубтары ашылады.
Әр мектепте үш бағыттағы клуб жұмыс істейтін болады: «Кітап оқитын ұстаз», «Кітап оқитын бала» және «Кітап оқитын отбасы». Клубтар қатысушыларға кітап оқып, шығармаларды бірлесіп талқылауға және оқырмандық тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік береді.

Елордадағы білім беру ұйымдары жобаны іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда мектеп, педагог және отбасы арасындағы өзара ықпалдастық маңызды рөл атқарады.
Еске сала кетейік, Астанада түн ортасына дейін жұмыс істейтін ұлттық кітапханаға келушілер көбейген.