25-26 қараша күндері Астанада жас таланттардың басын қосатын дәстүрлі «Кітап оқитын ұлт– зерделі ұлт» республикалық оқушылар айтысы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл іс-шара Оқу-ағарту министрлігі және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өткізілмек. Еліміздің барлық өңірлерінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы жиырма дарынды оқушы бақтарын сынап, сөз бен домбыраның құдіретін паш етеді.
Айтыстың мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, жас дарындарды қолдау және олардың сөз маржанын ұштау. Айтыстың ашылу салтанатына және қорытынды кезеңіне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай және Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қатысады.
Жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.
Жас ақындар қазіргі қоғам үшін өзекті тақырыптар аясында сөз сайыстырады. Айтыскерлердің шеберлігіне айтыскер ақын Ринат Зайытов, танымал айтыскер ақындар Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев, Талант Арынғали, Рауан Қайдаров сынды сөз өнерінің сарапшыларынан жиналған беделді қазылар алқасы баға береді.
Жүлде қоры:
Бас жүлдеге – диплом, «Қола домбыра» арнайы домбырасы және ақшалай сыйақы;
І, ІІ, ІІІ орын иелеріне – дипломдар мен ақшалай сыйақы;
Сондай-ақ, арнайы ынталандыру сыйлықтары тағайындалады.
Айтыстың іріктеу кезеңі 12 қазан мен 17 қараша аралығында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» өңірлік филиалдары арқылы сәтті өтті. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы бас жүлдені Жамбыл облысынан келген жас айтыскер Жаңабай Інжу Есетқызы жеңіп алған. Інжу қазіргі таңда ЕҰУ-нің 1-курс студенті.
Айтыс туралы толық ақпаратты «Топжарған» ақындар клубының ресми парақшасынан біле аласыздар
«Кітап оқитын ұлт– зерделі ұлт» республикалық оқушылар айтысының толық бейне түсірілімін төмендегі арналардан көруге болады:
1. http://www.youtube.com/@aitysqazyna
2. http://www.youtube.com/@topzhargan
Айта кетейік, оқушылар айтысы 25-26 қараша күндері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, №5 Оқу-зерттеу ғимаратының концерт залында өтеді.