Қазақ антропология мектебінің негізін қалаушы, аса көрнекті ғалым, абыз ақсақал Оразақ Смағұлов өмірден өтті. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оразақ Смағұлов бүкіл ғұмырын қазақ халқының шығу тегі мен антропологиялық тарихын зерттеуге арнады. Ол отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып, Қазақстанда тұңғыш этникалық антропология зертханасын ашты. Сонымен қатар шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектептің қалыптасуына негіз қалады.
Ғалымның зерттеулері қазақ халқының этногенезін, тарихи болмысын және ғасырлар бойы қалыптасқан антропологиялық ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік берді.
Министрліктің хабарлауынша, Оразақ Смағұловтың ғылыми мұрасы мен зерттеулері кейінгі ұрпақ үшін құнды қазына болып қала береді. Ұлттық тарихты терең зерттеуге ғұмырын арнаған ғалымның есімі мен еңбегі халық жадында сақталмақ.
Ведомство марқұмның отбасына, туған-туыстарына және шәкірттеріне қайғыра көңіл айтып, жақындарына амандық тіледі.