Header Banner

Премьер-министр байланыс инфрақұрылымының осал тұстарын алдын ала анықтауды тапсырды

Премьер-министр байланыс инфрақұрылымының осал тұстарын алдын ала анықтауды тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында маңызды инфрақұрылым саналатын байланыс желілерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі жағдайда байланыс саласы аса маңызды инфрақұрылым саналады. Кибершабуылдар, апаттар немесе жекелеген тораптардың істен шығуы бір мезгілде миллиондаған пайдаланушыға және өмірлік маңызы бар сервистердің жұмысына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда орын алған инциденттерге ден қоюмен ғана шектелуге болмайды. Ықтимал осал тұстарды алдын ала анықтап, негізгі байланыс арналарының резервін қамтамасыз ету және операторлардың штаттан тыс жағдайларға дайындығын тұрақты түрде тексеру қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне уәкілетті органдармен және операторлармен бірлесіп, үш ай мерзімде байланыс желілерінің аса маңызды инфрақұрылымының орнықтылығына бағалау жүргізіп, анықталған тәуекелдерді жоюдың нақты жоспарын ұсынуды тапсырды. 

Сонымен қатар Премьер-министр телефон және интернет алаяқтығының жолын кесу үшін операторлардың құқық қорғау органдарымен және Антифрод-орталықпен өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті.

Еске сала кетсек, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың киберқауіпсіздігін және үздіксіз байланысты қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударды.