Header Banner

Бектенов: Экономиканың цифрлық трансформациясын тежейтін барлық кедергілерді жою қажет

Бүгін, 11:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов: Экономиканың цифрлық трансформациясын тежейтін барлық кедергілерді жою қажет
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берген цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру үшін телекоммуникациялық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыра түсу үшін жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Байланыс және интернет желілерінің дамуы мен орнықтылығы – заманауи экономиканың базалық инфрақұрылымы. Кәсіпорындардың, мемлекеттік сервистердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы олардың қолжетімді болуы мен тұрақтылығына тікелей байланысты. Соңғы жылдары отандық телекоммуникация саласы едәуір ілгері басты. Мобильді байланыспен қамту ауқымы кеңейіп, магистральдық желілер тартылып жатыр. Бұдан бөлек, жеке инвестициялар салынып, жаңа технологиялар енгізілуде», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр азаматтар мен бизнес үшін байланыс сапасы мен оның қолжетімді болуы саланы дамыту нәтижелерін бағалаудың басты критерийіне айналуға тиіс екеніне баса назар аударды.

«Сонымен қатар азаматтар мен бизнес үшін жаңадан іске қосылған базалық стансалардың саны туралы есептен гөрі жұмыста, жолда және үйде болсын, интернетті үздіксіз пайдалану мүмкіндігі маңызды. Сондықтан байланыс сапасы мен оның қолжетімді болуы саланы дамыту нәтижелерін бағалаудың басты критерийіне айналуға тиіс. «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жаппай цифрландыру шаралары қаралған. Жасанды интеллект, бұлтты платформалар және цифрлық мемлекеттік қызметтер барған сайын өнімділігі жоғары инфрақұрылымды талап етеді», - деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов Үкімет желілердің озық қарқынмен дамуын қамтамасыз етіп, экономиканың цифрлық трансформациясын тежейтін барлық кедергілерді жоюы қажет екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Aitu ұлттық цифрлық экожүйесінің дамуын жеделдетуді тапсырды.