Үкімет отырысында «КаР-Тел» ЖШС басшысы Джаббор Каюмов байланыс желілерін дамыту барысы туралы баяндап, 5G технологиясы мен жасанды интеллект инфрақұрылымына көшуді жеңілдетуге бағытталған бірқатар реформа ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқының 99%-ы байланыс қызметтерімен, 97%-ы LTE желісімен қамтылған. Ал Starlink-пен бірлесіп жүзеге асырылған Direct-to-Cell технологиясы халық саны шамамен 3 млн адамды құрайтын аумақты қамтыды. Қазіргі уақытта бұл қызметті 130 мыңнан астам абонент пайдаланады.
Мобильді трафик көлемі 2,5 есе артып, ал бір гигабайттың құны жыл сайын шамамен 20%-ға төмендегеніне қарамастан, желіні дамытуға бағытталған жыл сайынғы инвестиция көлемі екі есе ұлғайып, 100 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар компания жергілікті деректерді өңдеу орталықтарын және жасанды интеллект шешімдерін дамытуда. Атап айтқанда, KazLLM тілдік моделін әзірлеуге қатысып отыр. Антифрод жүйелері бір жыл ішінде 7 млн-нан астам алаяқтық қоңыраудың жолын кесті.
Жаңа инвестициялық кезеңді бастау үшін Джаббор Каюмов үш бағыт бойынша ұсыныс білдірді:
- 5G желілеріне арналған жиілік ресурстарын қайта бөлу. Компанияның нарықтағы үлесі 41% болғанымен, оған тиесілі жиілік ресурстарының үлесі небәрі 9%-ды құрайтын теңгерімсіздікті жою;
- Байланыс желілерін салу рәсімдерін оңайлату. Инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану (InfraCo) тетігін дамыту, жер учаскелерін бөлу және электр желілеріне қосылу мәселелері бойынша «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу;
- Салықтық ынталандыру шараларын енгізу. Салық кодексінің 286-бабына өзгерістер енгізу арқылы жеткізушінің салық режиміне қарамастан, байланыс нысандарын жалға алу мен электр энергиясына жұмсалған шығындарды шегерімге жатқызу мүмкіндігін нақтылау.
«Мақсат – бүкіл салаға желіні дамытуға бағытталған инвестицияларды анағұрлым жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау. Келесі кезең 5G, деректерді өңдеу орталықтары және жасанды интеллект сияқты бағыттарды қамтиды. Біз бұл бағытқа капитал, технологиялар мен басқару тәжірибесін инвестициялауға дайынбыз», - деді Джаббор Каюмов.
Еске сала кетейік, Қазақстандағы мобильді интернет орташа әлемдік деңгейден үш есе арзан.