Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың киберқауіпсіздігін және үздіксіз байланысты қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Цифрландыру деңгейі өскен сайын киберқауіпсіздік мәселесі өткір тұр. Мәліметтерді қорғау өте маңызды. Бұл мәселеге назар аударыңыздар», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев байланыс операторлары желіні тәулік бойы бақылап отырғанын, осал тұстар анықтаған бойдан түзетілетінін, желіні DDoS кибершабуылдардан қорғау тетіктері қолданылуда екенін, деректердің сақтық көшірмесі жасалатынын баяндады.
Байланыс үзілмеу үшін қосалқы желілер мен қуат көздері қарастырылған. Ауқымды кибершабуыл болған кезде операторлар тиісті қызметтермен бірлесіп жедел әрекет етеді.
Операторлармен бірлесіп телекоммуникациялық желіні кешенді қорғау жүйесі үнемі жетілдірілу үстінде.
Еске салсақ, биыл телекоммуникация саласына 500 млрд теңге инвестиция тартылмақ.