Айгүл Мұқашева: Жолдауда көтерілген мәселелер әрбір педагогтің кәсіби қызметіне тікелей қатысты

Айгүл Мұқашева: Жолдауда көтерілген мәселелер әрбір педагогтің кәсіби қызметіне тікелей қатысты
Фото: Айгүл Мұқашеваның жеке мұрағаты

 «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Мұқашева Мемлекет басшысының ұстанымын толық қолдайтынын атап өтіп, Жолдауда көтерілген мәселелер әрбір педагогтің кәсіби қызметіне тікелей қатысты екенін жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Айгүл Мұқашева сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  Қазақстан халқына арнаған кезекті «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында педагогтің басты міндеті – оқушыларға сапалы білім беріп, саналы тәрбие қалыптастыру екенін атап өтіп, мұғалімдердің уақытын есеп-қисап пен артық құжат толтыруға жұмсамауы керектігіналға тартты. 

«Қолданыстағы заң бойынша мұғалімдерден ресми бекітілмеген артық есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынған. Тіпті құжаттарды қағаз бен электронды түрде қатар тапсыртқаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан бүгінгі басты міндет -жаңа талаптар енгізу емес, бар заң талаптарының білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қатаң сақталуын қадағалау.

Кез келген реформаның тиімділігі ең алдымен мұғалімнің жағдайын жасаумен және оның оқушыларға көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік беруімен өлшенуі тиіс. Ол үшін бір-бірін қайталайтын есептер мен негізсіз талаптарды жойып, аттестаттау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл орайда мұғалімдердің кәсіби біліктілігін адал әрі әділ бағалау қағидаты басты орында тұруы керек», - деді ол.

Айгүл Мұқашеваның айтуынша, білім беру саласын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, артық бюрократия мәселесі әлі де толық шешілген жоқ. Қағаз жүзіндегі есептердің электрондық форматқа ауыстырылуы мұғалімдердің жүктемесін азайтпайды. Егер есептілік көлемі мен әкімшілік талаптар бұрынғы деңгейде қалса, цифрландырудың тиімділігі де төмендейді. Сондықтан цифрлық технологияларды енгізу ең алдымен педагогтің уақытын үнемдеуге және жұмысын жеңілдетуге қызмет етуі қажет.

«Өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту мәселесі де өзекті. Кейбір елді мекендерде мектеп ғимараттарының жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы, заманауи оқу құралдарымен қамтамасыз етілуі және ғаламторға қолжетімділігі әлі де оң шешімін күтеді. Осыған байланысты мектептерді жаңғырту, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу және педагогтер мен оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру маңызды.Сапалы білім әрбір балаға тұрғылықты жеріне қарамастан бірдей қолжетімді болуы тиіс. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жойып, әрбір ұстазға лайықты еңбек жағдайын жасау - бүгінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі.

Мемлекет басшысының педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін, кәсіби беделін қорғауға қатысты тапсырмасы да айрықша мәнге ие.

Мұғалімге деген құрмет отбасынан басталып, мектепте жалғасуы тиіс. Ата-аналар, оқушылар, педагогтер және білім беру ұйымдарының әкімшілігі өзара сыйластықты қалыптастыруға, тәртіпті сақтауға және қауіпсіз білім беру ортасын құруға бірдей жауапты. Өйткені мұғалімнің беделі – білім сапасының ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің де маңызды негізі. Ұстаздың қадір-қасиетін қорғау – оның жеке құқығын құрметтеу ғана емес, қоғамның болашағына деген жауапкершілікті білдіреді», - деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Айгүл Мұқашева білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы ретінде Мемлекет басшысының ұстанымын толық қолдайтынын мәлімдеді. 

«Көтерілген мәселелер әрбір педагогтің кәсіби қызметіне тікелей қатысты. Сондықтан оларды талқылаумен шектелмей, еңбек жағдайларын жақсартуға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және мұғалімнің қоғамдағы беделін нығайтуға бағытталған нақты шаралар қабылдануы қажет.

Салалық кәсіподақ үшін бұл мәселелер –  жұмысымыздағы ең басты бағыттардың бірі. Біздің міндетіміз тек еңбек құқығы мен заңды мүдделерді қорғаумен, құқықтық көмек берумен шектелмейді. Біз педагогтердің еңбек жағдайын оңалту, олардың арыз-шағымдары мен мәселелерін назардан тыс қалдырмау, еңбек дауларының алдын алуға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға да басымдық береміз.Әрбір қызметкер өз құқығының қорғалатынын, еңбегінің елеусіз қалмайтынын және сөзінің өтімді екенін сезінуі тиіс. Шынайы әлеуметтік әділдікті орнату мен саладағы сенімді нығайтудың басты кепілі – осы», - деді ол.

Айгүл Мұқашева Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтар білім беру саласында жүйелі әрі нақты өзгерістерге жол ашады деп сенетінін атап өтті. 

«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Президент айқындаған міндеттерді қолдап, сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысын тұрақты түрде жалғастырады. Мұғалімге деген құрмет құрғақ сөзбен шектелмейді. Ол әділ шешімдерден, лайықты еңбек жағдайынан, заңды құқықтардың сақталуынан және педагогтің кәсіби беделін қорғауға бағытталған нақты кепілдіктерден көрініс табуы тиіс», - деді ол. 

Президент Жолдауының толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.