Астанада заңсыз граффитилерді жоюға және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге бағытталған «Антивандал» акциясы өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында бүгінге дейін ұйымдастырылған жұмыстар барысында қала аумағындағы 360-тан астам есірткі жарнамасы бар жазу мен заңсыз граффити жойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Кезекті акция «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің аумағындағы балалар ойын алаңында өтті. Оған волонтерлер мен Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері қатысып, ойын алаңын қалпына келтіру, қабырғалардағы жазулар мен суреттерді бояп шықты.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімі маманы Асланбек Бапаевтың айтуынша, «Антивандал» волонтерлік қозғалысы басталғалы бері осы бағытта 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылған.
«Қозғалыс аясында қала аумағында 360-тан астам есірткі жарнамасы бар жазу мен заңсыз граффити анықталып, бояу арқылы жойылды. Сонымен қатар волонтерлер аптасына екі рет рейдке шығып, қаладағы вандализм белгілерін анықтайды. Аудандық әкімдіктермен бірлесіп, заңсыз жазуларды жою, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру және балалар ойын алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, осы аптада «Сарыарқа» ауданында екі іс-шара өткізілді. Оған «Астана жастарының» волонтерлері мен Қазтұтынуодағы колледжінің студенттері қатысты. Бүгін Нұра ауданы әкімдігімен және Құрылыс-техникалық колледжінің студенттерімен бірлесіп, балалар ойын алаңын қалпына келтіру жұмысын жүргіздік», – деді Асланбек Бапаев.
Акцияға қатысқан Құрылыс-техникалық колледжінің студенті Берекет Жантілеуов қоғамдық орындарды сақтау әр тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Қоғамдық орындар барлығымызға ортақ кеңістік. Оны бүлдірмей сақтау әрқайсымыздың міндетіміз. Бүгін «Антивандал» акциясы аясында заңсыз граффитилерді бояп, қаламыздың тазалығы мен көркін сақтауға үлесімізді қостық. Нағыз күш қиратуда емес, жасауда. Өз қаламызды бірге қорғайық! Осы орайда Астана жастарын «Антивандал» волонтерлік қозғалысына қосылуға шақырамын», – деді ол.
Ал Нұра ауданы әкімінің аппараты ішкі саясат бөлімі нің бас маманы Руслан Сәбитов студенттердің бастамасын қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырудың бір көрінісі ретінде бағалады.
«Студенттердің вандализмге қарсы іске өз бастамасымен қосылғаны қуантады. Бүгін олар тұрғын үй ауласындағы балалар ойын алаңын жөндеп, қалпына келтірді. Сонымен қатар түрлі жазулардан, граффитилер мен суреттерден тазартты. Мұндай бастамалар айналаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау - баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте жастардың жеке үлгісі мен белсенділігінің маңызы зор», – деді Руслан Сәбитов.
Айта кетейік, «Антивандал» қозғалысының негізгі мақсаты – вандализмнің алдын алу және тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Бастама аясында заңсыз граффитилерді анықтау және жою жұмысы жалғасып келеді.






