Елордада көлігінің нөмірін жасыратын құрылғы орнатқан жүргізуші ұсталды

Елордада көлігінің нөмірін жасыратын құрылғы орнатқан жүргізуші ұсталды
Астана қаласы ПД видеосының скрині

Елордада мемлекеттік нөмірді жасыратын құрылғы орнатқан жүргізуші 5 тәулікке қамалып, көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

BMW маркалы көлікті полиция Алаш даңғылының бойында тоқтатты. Тексеру барысында көлікке тіркеу нөмірін жасыруға арналған арнайы құрылғы орнатылғаны анықталды.

Мұндай құрылғыны пайдалану көлік нөмірін сәйкестендіруге кедергі келтіріп, құқық бұзушылықты анықтау мен жол қозғалысын бақылау жұмысына әсер етеді.

Аталған факті бойынша 38 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен жүргізуші 1 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Еске салсақ, елордада түнгі уақытта дрифт жасаған жүргізуші 10 тәулікке қамалды.