Астанада жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт, тұрғын үйлерге арналған модульдік құрылымдар өндірісі, халықаралық мектеп және жаңа демалыс кешені жұмыс істейді. Бұл нысандардың әрқайсысы – елордаға тартылған инвестицияның нақты нәтижесі. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері аталған төрт нысанды аралап, кәсіпорындардың жұмысымен, өндірістік үдерістермен және алдағы даму жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Аралау жұмысы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметті дамыту, бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру және креативті индустрияны дамыту жөніндегі есебін қарауға дайындық аясында ұйымдастырылды.

Қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпорындардың басшыларымен және мамандарымен пікір алмасып, өндіріс орындарын аралады. Жұмыс барысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, отандық өндірісті дамыту және кадр даярлау мәселелеріне назар аударылды.
Stadler Kazakhstan: бір вагонды құрастыруға 6-8 апта кетеді
Жұмыс тобы ең алдымен елордадағы Stadler Kazakhstan зауытына ат басын тіреді. Мұнда Қазақстан теміржолдарына арналған заманауи жолаушылар вагондары құрастырылады.
Қоғамдық кеңес мүшелері зауыттың құрастыру, дәнекерлеу және электр жабдықтарын дайындау цехтарын аралап, вагон өндірісінің негізгі кезеңдерімен танысты.

Кәсіпорын өкілдерінің түсіндіруінше, вагон құрастыру бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен оның қаңқасы дайындалып, дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін вагонның сырты өңделіп, боялады. Келесі кезеңде электр жабдықтары, ішкі құрылымдар мен басқа да қажетті жүйелер орнатылады.
Зауытта әр вагонға арналған электр шкафтары мен электр сымдарының жинақтары да дайындалады. Бұл жабдықтар вагонның электрмен қамтамасыз етілуіне және оның түрлі жүйесінің өзара байланысып, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Кәсіпорында электр жабдықтарын құрастыру учаскесі 2023 жылы ашылған. Мамандар Польшада арнайы оқудан өтіп, кейін Әзербайжан теміржолына арналған жобаның электр жабдықтарын дайындауға қатысқан. Қазір бұл учаске Қазақстанға арналған вагондар өндірісіне толық жұмылдырылған.

Зауыт төрт түрлі вагон шығарады. Оның үшеуі жолаушылар тасымалына арналған болса, біреуі – дизель-генераторлық вагон. Соңғысы пойыз құрамын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қажет.
Дизель-генераторлық вагонның болат қаңқасы зауытта дайындалады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл өндірістік үдеріс толық дерлік жергіліктендірілген.
Қоғамдық кеңес мүшелеріне вагон арбашаларын құрастыру учаскесі де көрсетілді. Вагонның теміржол бойымен қозғалуын қамтамасыз ететін бұл құрылымдар арнайы технология бойынша жиналады.
Кәсіпорын өкілінің мәліметінше, Stadler компаниясының өндірістік кәсіпорындары арасында мұндай арбашалар Швейцарияның Винтертур қаласында және Астанада құрастырылады. Дайын құрылымдар арнайы жабдықта 30-дан астам параметр бойынша тексеріледі. Сынақ нәтижесі талаптарға сай болған жағдайда ғана олар келесі өндірістік кезеңге жіберіледі.
Зауыттың қазіргі өндірістік қуаты жылына шамамен 90 вагон шығаруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, 2025 жылы 51 вагон жасалған. Ал биыл жыл соңына дейін 92 вагон өндіру жоспарланып отыр.

Бір вагонды дайындауға орта есеппен 6-8 апта уақыт кетеді.
Қазіргі уақытта зауытта 720 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның өндірістік аумағы 32 мың шаршы метрді құрайды. Бұған қосымша 16 мың шаршы метрлік жаңа цех салынып жатыр.
Жаңа өндіріс орнында алюминийден вагон қаңқаларын дайындау жоспарланған. Кәсіпорын бұл жұмысты 2027 жылдың ортасында бастауды көздеп отыр. Жаңа цех іске қосылғаннан кейін тағы шамамен 100 адамды жұмысқа қабылдау жоспарланған.
Зауыт отандық материалдарды пайдалануды да кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отыр. Қазіргі уақытта болат қаңқаларды дайындауда қолданылатын металдың шамамен 35-40 пайызы Қазақстанда өндірілген. Кәсіпорын жергілікті жеткізушілермен ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Аралау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері дайын вагондардың ішіне де кіріп көрді. Оларға жолаушыларға арналған орындар, санитарлық тораптар және вагондардың ішкі жабдықтары таныстырылды.
Кәсіпорын өкілінің айтуынша, вагонды құрастыру аяқталғаннан кейін оның электрондық, ақпараттық, климаттық және санитарлық жүйелері жеке тексеріледі. Барлық сынақтан өткеннен кейін ғана дайын өнім тапсырыс берушіге өткізіледі.
Айта кетейік, бүгінде Stadler Kazakhstan өндірісінен шыққан 90-нан астам жолаушылар вагоны «Жолаушылар тасымалы» АҚ балансына берілген.
2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы мамыр аралығында вагондар сертификаттау бағдарламасына сәйкес сынақтардан, сондай-ақ тапсырыс берушінің өтініші бойынша қосымша тексеруден өткен.
Қазіргі уақытта жаңа вагондар пайдалануға дайындалып жатыр. Жолсеріктер де жаңа жылжымалы құрамда жұмыс істеу үшін қосымша оқытудан өтуде. Вагондардың нақты қай уақытта жолаушылар тасымалына шығарылатынын ұлттық тасымалдаушы кейін хабарлайды.
MODEX Astana: модульдік құрылымдар өндірісі қалай жүргізіледі?
Қоғамдық кеңес мүшелері барған келесі нысан – MODEX Astana зауыты.
Бұл кәсіпорын тұрғын үйлерге арналған көлемдік-блоктық құрылымдар шығарады. Технологияның ерекшелігі – ғимараттың негізгі бөліктері құрылыс алаңында емес, зауыт жағдайында дайындалады.

Кейін дайын модульдер құрылыс алаңына жеткізіліп, арнайы технология бойынша құрастырылады. Мұндай тәсіл тұрғын үй салу мерзімін қысқартуға және құрылыс үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Зауыттың жетекші даму инженері Индира Тоқмолдина Қоғамдық кеңес мүшелерін өндірістік цехтармен таныстырып, модульдердің дайындалу кезеңдерін түсіндірді.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, MODEX Astana бүгінге дейін 50-ге жуық тұрғын үй жобасына қатысқан. Оның біраз бөлігі аяқталған, қалған бірнеше бөлігі әлі де құрылыс сатысында. Зауыт өнімдері пайдаланылған жобалар аясында 12 940 пәтер тапсырылған.

Кәсіпорында өндіріс көлемі де артқан. Зауыт өкілдерінің айтуынша, былтыр шамамен 170 мың шаршы метр тұрғын үйге арналған модульдік құрылым шығарылған. Ал биыл бұл көрсеткішті 210 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.
Кәсіпорынның бастапқы жобалық қуаты жылына 136 мың шаршы метр болған. Кейін өндірістік үдерістерді жетілдіру және жаңа конструкциялық шешімдерді енгізу арқылы бұл көрсеткіш ұлғайтылған.
Атап айтқанда, зауытта тұтас монолитті блоктармен қатар жеке панельдерден құрастырылатын құрылымдар қолданыла бастаған. Бұл өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген.
Тағы бір өзгеріс – модульдердің зауытта дайындалу деңгейінің жоғарылауы.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұрын модульдер негізінен бастапқы әрлеу күйінде шығарылса, қазір бірқатар ішкі әрлеу жұмыстары зауыттың өзінде орындалады.
Мәселен, санитарлық тораптарға керамикалық плиткалар төселіп, ванна, қолжуғыш және басқа да негізгі сантехникалық жабдықтар орнатылады. Қасбетке қатысты жұмыстардың да бір бөлігі өндіріс орнында атқарылады.
Осылайша, құрылыс алаңында орындалатын жұмыстар көлемі азайып, тұрғын үйді пайдалануға беру үдерісін жеделдетуге мүмкіндік туады.
Бүгінде MODEX Astana зауытында 598 адам жұмыс істейді.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – жұмысшыларды өндіріс орнында даярлау жүйесі. Зауыт өкілдерінің айтуынша, мұнда тәжірибесі жоқ азаматтар да жұмысқа қабылданып, арнайы оқудан өтеді. Өйткені көлемдік-блоктық құрылыс технологиясына қажетті кейбір мамандық бойынша дайын кадрларды еңбек нарығынан табу қиын.
Осы мақсатта кәсіпорында оқу бағдарламалары әзірленген. Жаңадан қабылданған қызметкерлер теориялық білім алып, тәжірибелік сабақтарға қатысады және өндірістік үдеріске біртіндеп бейімделеді.
Биыл зауыттың оқу жүйесі арқылы 200-ден астам қызметкер даярланған. Оқу кезінде жұмысшыларға еңбекақы төленіп, тегін тамақтану және қызметтік тасымал қарастырылған.
Кәсіпорында қызметкерлердің кәсіби өсуіне де көңіл бөлінеді. Жұмысын қарапайым өндірістік қызметтен бастаған мамандардың цех басшысы деңгейіне дейін көтерілген мысалдары бар.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, биыл кадрлық резервке енгізілген 16 қызметкердің тоғызы жоғары лауазымдарға тағайындалған.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Астанадағы тұрғын үйлерге арналған модульдік құрылымдар қалай жасалатыны туралы жазған едік.
Қоғамдық кеңес мүшелері өндірістік цехтармен қатар дайын модульдердің үлгілерін де қарап, тұрғын үй құрылысына енгізіліп жатқан технологиялық өзгерістермен танысты.
SABIS халықаралық мектебі: жаңа білім беру нысаны
Инвестициялық жобалармен танысу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері елордадағы SABIS халықаралық мектебіне де барды.

Бұл – жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан білім беру жобасы. Мектеп құрылысы 2024 жылы басталып, биыл қыркүйекте алғашқы оқушыларын қабылдаған.
Қазіргі уақытта білім беру мекемесінде 150 оқушы білім алып жатыр. Мектепте үш жастан бастап бесінші сыныпқа дейінгі балаларға арналған білім беру бағдарламалары іске асырылуда.

Жоба аясында мектепке дейінгі жастағы балаларға 300 орын және бастапқы кезеңде мектеп оқушыларына 500 орын қарастырылған. Алдағы уақытта білім беру кешенінің сыйымдылығын арттыру жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелеріне мектептің оқу кабинеттері, спорттық инфрақұрылымы және балаларға жасалған жағдай таныстырылды.
Кешен аумағында спорт залы, футбол алаңы және теннис корттары салынған. Жобаның келесі кезеңінде қосымша оқу корпустарын тұрғызу көзделген.
Мектеп өкілдерінің айтуынша, білім беру мекемесі халықаралық SABIS жүйесінің стандарттарына сәйкес жұмыс істейді.
Астана даму орталығының Инвестициялық жобаларды қолдау департаментінің директоры Марат Қуатов мұндай жобалардың елорданың білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті.
«SABIS халықаралық мектебі – мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған 300 орын және бастапқы кезеңде 500 оқушыға арналған мектеп орындарын құруды көздейтін маңызды инвестициялық жоба. Алдағы жылдары орын санын одан әрі арттыру жоспарланып отыр.
Инвестор жобаны іске асыруға жәрдемдесу үшін Астана даму орталығына жүгінді. Бүгінде біз жер мәселелерін шешуден бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде кешенді сүйемелдеу көрсетіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіреміз. Мұндай жобалар инвестициялар тартуға және елорданың білім беру инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді», – деді Марат Қуатов.
Қоғамдық кеңес мүшелері мектептің оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерімен және алдағы кеңейту жоспарларымен танысты.
«Лес» экопаркі: елордада жаңа туристік бағыт дамып келеді
Қоғамдық кеңес мүшелері аралаған төртінші нысан – Wellness Resort Mountains ЖШС жүзеге асырып жатқан «Лес» экопаркі.

Бұл жоба елордадағы туризм мен демалыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Кешен өкілдері Қоғамдық кеңес мүшелерін аумақпен таныстырып, демалыс орындарын, қонақтарға арналған үйлерді және салынып жатқан жаңа нысандарды көрсетті.
Экопарк аумағында ұлттық нақыштағы демалыс үйлері, қонақүй нөмірлері және отбасылық демалысқа арналған орындар қарастырылған.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, кешеннің қонақүй қоры 71 нөмірден тұрады. Демалыс үйлері екі, төрт және алты адамға арналған.
Жоба аясында инженерлік инфрақұрылым да жүргізілген. Кешенге газ, электр энергиясы, су және кәріз желілері тартылған.
Экопарк аумағында демалыстың бірнеше түрін дамыту көзделген. Қазір қонақтарға монша қызметі ұсынылады, серуендеуге және табиғат аясында тынығуға жағдай жасалған.
Алдағы уақытта балаларға арналған жабық әрі жылы ойын алаңын, ашық бассейндерді және спорттық демалыс орындарын іске қосу жоспарланып отыр.
Кәсіпорын қысқы туризм бағыттарын да дамытуды көздейді. Атап айтқанда, қарда жүретін көліктерге арналған бағыттар ұйымдастыру жоспарда бар.

Кешен өкілдерінің айтуынша, мұндай туристік нысандардың тартымдылығын сақтау үшін демалыс түрлерін үнемі жаңартып, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен кеңейтіп отыру қажет.
Жоба бір мезгілде 300-ге дейін келушіні қабылдауға есептелген.
Астана даму орталығының Инвестициялық жобаларды тарту департаментінің директоры Габиден Буркитбаев экопарктің қаланың туристік әлеуетін дамытудағы маңызына тоқталды.
«Лес» экопаркі – жеке инвестициялар елорданың туристік әлеуетін дамытуға қалай ықпал ететінінің үлгісі. Wellness Resort Mountains ЖШС-нің жобасы бір мезгілде 300 келушіге дейін қабылдауға арналған.
Инвестициялық бастамадан бастап, оны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі кезеңде Астана даму орталығы инвесторға қажетті қолдау көрсетіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етті және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге жәрдемдесті. Біз үшін инвестиция тарту ғана маңызды емес, сонымен қатар жобаларды нақты нәтижеге дейін жеткізу – жаңа нысандар, жұмыс орындары және елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мүмкіндіктерді қалыптастыру маңызды», – деді Габиден Буркитбаев.
Қоғамдық кеңес: басты назар – жобалардың нақты нәтижесінде
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері төрт нысанды аралау барысында кәсіпорындардың жұмысын оң бағалады.
Қоғамдық кеңес мүшесі Азамат Оспановтың айтуынша, мұндай мониторингтік сапарлар жыл сайын бекітілетін жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылады.
«Қоғамдық кеңестің әр комиссиясының өз жұмыс жоспары бар. Соған сәйкес белгілі бір мәселелер бойынша мониторинг жүргізіледі. Бір аралау барысында бірнеше нысанның жұмысымен танысамыз. Кейін Қоғамдық кеңестің отырысында тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырып, көтерілген мәселелерді талқылаймыз. Басты мақсат – халықтың, бизнестің және мемлекеттік органдардың өзара байланысын нығайтып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге ықпал ету», – деді ол.
Азамат Оспанов бүгінгі сапар барысында танысқан кәсіпорындардың жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді.
«Бүгінгі мониторинг нәтижесіне жоғары баға беремін. Кәсіпорындардың жұмысын өз көзімізбен көрдік. Әсіресе, өндіріс орындарының қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғаны маңызды. Бір зауытта 700-ден астам, екіншісінде 600-ге жуық адам еңбек етеді. Бұл – жүздеген отбасы үшін тұрақты табыс көзі. Инвестициялық жобалардың халыққа беретін нақты пайдасының бірі де осы», – деді Қоғамдық кеңес мүшесі.
Оның пікірінше, инвестициялық жобалардың тиімділігі салынған қаржы көлемімен ғана емес, олардың тұрғындарға беретін мүмкіндіктерімен де бағалануы тиіс.
Өз кезегінде Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлы мұндай кездесулердің маңызына тоқталды.
«Астана қаласының Қоғамдық кеңесі мүшелері нысандарды аралау кезінде қаладағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, басшыларымен пікір алмасты. Мұндай кездесулер өндіріс орындарының жұмыс барысын түсінуге, кәсіпкерлердің алдында тұрған мәселелерді анықтауға және оларға қажетті қолдау шараларын қарастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Осылайша, Қоғамдық кеңес мүшелері бір күн ішінде елордадағы төрт инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанадағы №1 Индустриялық парк аумағындағы кәсіпорындардың жұмыс қарқыны туралы жазған едік.




















