Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жастар практикасы бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 28 қазандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 21 981 жас маман жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін қатысушылар санын 25 мың адамға жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, жастар практикасы түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға, теориялық білімін іс жүзінде шыңдап, кәсіби дағдысын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарлама жас мамандардың жұмыс беруші талабына бейімделуіне көмектесіп, болашақта тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
Бағдарламаға қатысушылардың 50,6%-ы жоғары оқу орындарының, 45%-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері. Жас мамандардың басым бөлігі білім беру саласына – 48%, денсаулық сақтау саласына – 35% жұмысқа орналастырылды.
Жастар практикасы түрлі мамандықтарды қамтиды. Атап айтқанда, мейіргер мамандығы бойынша 2 013 адам, техник-бағдарламашы мамандығы бойынша 853 адам, дене шынықтыру және спорт мұғалімі ретінде 776 адам, заңгер – 742 адам, шет тілі мұғалімі мамандығына 731 адам, фельдшер ретінде 675 адам, тәрбиеші ретінде 607 адам және аспаз мамандығына 601 адам жұмысқа орналасты.
Жастар практикасына кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған, жұмыссыз ретінде тіркелген түлектері қатыса алады.
Қатысудың негізгі шарттары бойынша түлектің оқу орнын бітіргеніне бес жылдан аспауы және алған кәсібі немесе мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы қажет.
Жастар практикасы меншік нысанына қарамастан жұмыс берушілер құратын уақытша жұмыс орындарында ұйымдастырылады. Бұл ретте тұрақты жұмысқа орналастыруға арналған жұмыс орындарын жастар практикасын ұйымдастыру үшін пайдалануға рұқсат етілмейді.
Бағдарламаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Осы кезеңде қатысушылардың еңбекақысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш. Бұл сомаға салық, міндетті әлеуметтік аударым, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы және банктік қызметтерге арналған шығыстар кіреді. Экологиялық үстемеақылар бұл сомаға қосылмайды.
Бағдарламаға қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгініп, тиісті өтініш беруі қажет. Орталық мамандары жастар практикасына қатысу шарттары туралы толық ақпарат беріп, бағдарламаға қатысу тәртібін түсіндіреді және лайықты жұмыс орнына жолдама алуға жәрдемдеседі.
Ескғе сала кетсек, Астанада биыл 3 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты.