Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев үй шаруашылықтарының табысын, мүліктері мен міндеттемесін бағалау тәсілін өзгертуді көздейтін Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі пысықталғанын, .әдістемені жетілдіру кезінде бағалаудың жекелеген талаптары қайта қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанда әлеуметтік саясатты қайта қарау және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді азаматтардың нақты мұқтаждығы ескеріле отырып, мемлекеттік көмек көрсету үшін отбасылардың материалдық жағдайын объективті түрде бағалауға баса назар аударылады.
«Атап айтқанда, ипотека қарызын қоса алғанда, кірістер мен несиелік міндеттемелерді бағалау тәсілі өзгертілді. Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар болуы мен олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте біз зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын есептен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді. Сондай-ақ ұсақ жер телімі мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуын назарға алмаймыз», - деп атап өтті спикер.
Оған қосымша отбасын асырауға арналған шығысты, кредит міндеттемесін, сондай-ақ жалғыз асыраушының және жалғыз баспананың болуына байланысты мән-жайды есепке алу көзделеді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіне ревизия жүргізіледі, ал өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайы тексеріледі. Бұл шаралар азаматтардың әл-ауқатын бағалаудың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз етуге бағытталған.