Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін шағын бизнестің орта бизнес санатына көшуін ынталандыруды, кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін жеке инвестициялар тарту есебінен қамтамасыз ете отырып кеңейтуді тапсырды.
«Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда шағын бизнестің орта бизнес санатына көшуін ынталандыру, кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, оның ішінде жеке инвестиция тарту есебінен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар көзделуге тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ өндірістік қуаттарды технологиялық жаңарту және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарастыру тапсырылды.
Бұдан бөлек, орта кәсіпорындардың ірі компаниялармен кооперациясын дамыту, олардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту және шығарылатын өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру қажет.
Премьер-министр 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұған дейінгі тәжірибеге сәйкес микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесіне бөлек тоқталды. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ұлттық палатасымен, бизнес-омбудсменмен және депутаттар корпусымен бірлесе отырып мораторий енгізу мәселесін талқыға салу тапсырылды.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту және олардың жұмысына шамадан тыс араласуға жол бермеу. Тиісті ұсыныстарды Үкіметке екі апта мерзімде енгізу керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.