«Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ – Бектенов

Бүгін, 14:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ – Бектенов
фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға дайындыққа, оның барысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру қажет екеніне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ. Сондықтан оны жүзеге асыру нәтижелері Үкімет пен әкімдіктердің үйлесімді жұмысына байланысты болмақ», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін өңірлердің инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарға деген қажеттілігіне талдау жасап, нақты жобалар тізбесін қалыптастыру тапсырылды.

«Жыл соңына дейін өңірлердің инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарға деген қажеттілігіне талдау жасалып, нақты жобалар тізбесін қалыптастырылсын. Бұл жергілікті жолдарға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілеріне, сондай-ақ білім беру, мәдениет және медицина мекемелеріне де қатысты», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Президент құрылыс жұмыстарын отандық материалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырғанына да тоқталды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық жобаларды жүзеге асыруға отандық өндірушілерді кеңінен тарту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.