Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 9 айдағы жұмысының қорытындысы туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде онлайн баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша азаматтардан 10 102 өтініш түсті. Оларды қарау нәтижесінде тұтынушыларға 360 млн теңге қайтарылды.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 56%-ға өскен. Атап айтқанда, 2025 жылдың тоғыз айында 6 473 өтініш тіркелген. Өтініштердің басым бөлігі электронды және бөлшек саудаға, сондай-ақ тұрмыстық және білім беру қызметтеріне қатысты болды. Азаматтар көбіне сапасыз тауар сатып алу, ақшаны қайтарудан бас тарту, шарт талаптарының бұзылуы, қызметтердің сапасыз көрсетілуі, сондай-ақ тауарлар мен қызметтер туралы жалған немесе толық емес ақпарат берілуі жөнінде шағымданған.
Мыңдаған тұтынушының құқығы қорғалды
Гүлзада Алматбаеван сөзінше, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 4 837 жағдайда тұтынушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Тағы 2 218 өтініш бойынша азаматтарға заңнама талаптары түсіндірілді. Ал 1 612 жағдайда дау тараптардың өзара келісімімен шешіліп, өтініш берушілер өтініштерін кері қайтарып алған.Сонымен қатар 2 022 өтініш құзыретіне сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды. Тағы 684 өтінішті қарау қазан айына ауыстырылды. Есепті кезеңде департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 203 тексеру жүргізді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге 53 нұсқама берілді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4,7 млн теңгеден асты.
Сауда ережелерінің сақталуы бақылауға алынды
Сауда қызметі саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Тоғыз айда осы бағыт бойынша 162 өтініш қаралды. Анықталған заңбұзушылықтар үшін сауда қызметінің 162 субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,2 млн теңгеден асты.Әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің 156-сы шағын, үшеуі орта және үшеуі ірі бизнес өкілдері.
Тұтынушыларға құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр
Департамент өтініштерді қарау және заңбұзушылықтарға қатысты шара қабылдаумен қатар, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын да жүргізеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы қала тұрғындарына тұтынушылардың құқығы, өтініш беру тәртібі және сатушылармен немесе қызмет көрсетушілермен туындаған дауларды шешу жолдары түсіндіріледі.