Астанада заңсыз интернет казино ұйымдастырған бір топ адамға қатысты тергеу аяқталды

Астанада заңсыз интернет казино ұйымдастырған бір топ адамға қатысты тергеу аяқталды
ҚМА видеосының скрині

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне жағдай жасаған бір топ адамға қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңсыз қызмет «Nomadgames», «Sultangames» сайттары мен олардың көшірме сайттары арқылы жүргізілген. Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдары қамтылған көпсатылы төлем жүйесі пайдаланылған.

Агенттіктің мәліметінше, бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексеру жүргізбестен шарттар жасасуды және интернет терминалдарға тиісті MCC кодын беруді қамтамасыз еткен. Ақша операцияларының шын мәніндегі мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген. 

«Осылайша электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен. Қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру үшін қылмыстық топтың бақылауындағы ЖШС пайдаланылған. Жалған шарт негізінде серіктестіктің шоттарына 10 млрд теңге аударылған. Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмиянына жіберілген», делінген хабарламада.

Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды.

Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңге криптоактив пен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынды. Екі күдікті қамауға алынды, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған екі күдіктіден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, агенттік бұған дейін үш өңірде онлайн казиноларға қатысты қаржы схемасын анықтағанын мәлім етті.