Щучинск қаласының 23 жастағы тұрғыны мамыр айында әскери билетті сатып алуға уәде еткен танысына 1 300 000 теңге берген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бірнеше айдан кейін жігіт құжатты да, ақшаны да көрмеген. Қазір, полицейлер алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Жалған құжат әзірлеп бермек болған адамның аты-жөні анықталып, қажетті тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары өтініш берушінің іс-әрекетін тексереді», делінген хабарламада.
Ақмола полицейлері азаматтарды түрлі қызметті, әсіресе құжаттарды заңсыз алуға қатысты қызметтерді ұсыну сылтауымен алаяқтық қатар жүретінін ескертеді. Көбінесе алаяқтар жүргізуші куәлігін, медициналық анықтама, әскери билет және басқа құжаттарды ресімдеуге көмектесуге уәде береді, бұл үшін ақшалай сыйақы талап етеді.
Еске салсақ, Астанада жалған концерт билеттерін сатпақ болған жас жігіт анықталды.