Печеньедегі есірткі: Полиция есірткі дүкенін ұйымдастырғандарды ұстады

Печеньедегі есірткі: Полиция есірткі дүкенін ұйымдастырғандарды ұстады
Фото: ІІМ видеосының скрині

Тәртіп сақшылары елордада «Пепе» интернет дүкені арқылы тұрақты түрде жұмыс істеген есірткі тарату арнасын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, жалдамалы пәтерлерде бір уақытта жасы 30-дан асқан бес ер адамды ұстады.

Қылмыстық топ «ұйымдастырушы - буып түюші - қоймашы - есірткі жасырушы» иерархиясы бойынша әрекет еткен. Фигуранттар тәулік бойы есірткі тұтынушыларды марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерімен қамтамасыз еткен. 

Ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсысының салмағы 100 грамм 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді.

«Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту барысында 12 келіге жуық түрлі есірткі, оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры тәркіленді.

Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразы, брикет, вакуумдау мен өлшеп-орауға арналған құрылғылар, түрлі-түсті оқшаулағыш таспалар және өзге де заттай айғақ тәркіленді.

Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекст 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды», - деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Еске салсақ, елордада жүргізушілерге мас күйде көлік тізгіндеуге қатаң жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.