Астанада «Әділдік және жауапкершілік» айы аясында мектеп оқушылары арасында құқықтық дебат ойындары өтті. Жас пікірсайысшылар заң мен тәртіп, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі және әділ қоғам қалыптастыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында №9 Zerde мамандандырылған мектебінде ұйымдастырылды. Пікірсайысқа елорданың әртүрлі білім беру ұйымдарынан 10 команда қатысты.

Турнирдің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу, өз ойын еркін жеткізу және қарсы тараптың пікірін құрметтеу дағдыларын дамыту.

№9 Zerde мамандандырылған мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайырым Әнуарбектің айтуынша, пікірсайыс қарашадағы «Әділдік және жауапкершілік» айлығының құндылығына орай ұйымдастырылған.
«Бұл турнирдің негізгі мақсаты – оқушылардың «Заң мен тәртіп» қағидатына қатысты көзқарасын білу, олардың өз ойларын қаншалықты еркін жеткізіп, дәлелдей алатынын байқау. Іс-шара республикалық жарысқа іріктеу кезеңі емес. Біз үшін ең маңыздысы – балалардың құқықтық тақырыптарды өзара талқылап, пікір алмасуы», – деді ол.

Дебат барысында командалар өздеріне берілген тақырыптар бойынша үкімет және оппозиция тарапынан сөз сөйлеп, ұстанымдарын қорғады. Қатысушылардың бірі – №91 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ахмет Қуандық. Ол алғашқы ойында кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мәселесі талқыланғанын айтты.
«Біз кәмелетке толмағандарды жазалау мәселесін қарастырдық. Менің ойымша, жасөспірімдерге қатысты тәрбиелік іс-шараларға да ерекше мән беру қажет. Ал әділ қоғам қалыптастыру үшін мемлекеттік органдар халыққа жақын болып, оның пікірін тыңдауы керек. Халық пен билік арасында тығыз байланыс болғаны маңызды», – деді оқушы.

Ахметтің айтуынша, дебатқа қатысу оның дүниетанымын кеңейтіп, көпшілік алдында еркін сөйлеуіне көмектеседі. Болашақта халықаралық бизнес және басқару саласында білім алуды жоспарлап жүрген оқушы пікірсайыста қалыптасқан дағдылардың жоғары оқу орнында да, кәсіби өмірде де пайдасы тиетініне сенімді.

Ал турнир төрешісі, №97 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Ақәділ Есенқұл елордадағы мектеп оқушыларының пікірсайыс деңгейін жақсы деп бағалағанымен, бұл бағытта жүйелі жұмысты күшейту қажет екенін айтады.
«Бұрын Астанада оқушыларға арналған пікірсайыс турнирлері жиі ұйымдастырылатын. Қазір олардың қарқыны біршама бәсеңдеді. Басқа өңірлерде пікірсайысты дамытуға арналған жүйелі жұмыстар бар. Елордада да пікірсайысқа балалардың қызығушылығы артып келеді. Оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, жақсы идеялар ұсынып жүр», – деді төреші.
Оның пікірінше, мектептерде дебат қозғалысын дамыту үшін турнирлерді тұрақты өткізіп, оқушылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік жасау маңызды. Сонымен қатар пікірсайыс жетекшілерінің еңбегін қолдау мәселесіне де назар аудару қажет.
«Біздің басты мақсатымыз тек жеңімпаздарды анықтау емес. Оқушылардың тәжірибе алмасуы, өз ойын көпшілік алдында жеткізуге үйренуі және қарсы пікірді тыңдай білуі әлдеқайда маңызды. Осындай турнирлерді әр маусымда кемінде бір-екі рет ұйымдастыруға ұмтылып жатырмыз», – деді Ақәділ Есенқұл.

Турнир үш кезеңнен тұрды. Командалар жинаған ұпайларына қарай бағаланып, үздіктер анықталды. Сонымен қатар ерекше көзге түскен қатысушыларға «Үздік спикер» номинациясы қарастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай пікірсайыстар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың сыни ойлау, дәлелді пікір айту және қоғамдық мәселелерге жауапкершілікпен қарау қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық оқушылардың Швейцария елшісімен су үнемдеу мәселесін талқылағаны хабарланған еді.

