Ақтауда ерлі-зайыпты қорқытып алушылық қылмысы үшін сотталды. Олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, интимдік қызмет көрсететін адамның клиенттерінен 3 миллион теңге талап еткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облыстық сотына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, соттың 2026 жылғы 25 қыркүйектегі үкімімен Р. және А. есімді ерлі-зайыпты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот анықтағандай, сотталушылар күш қолданумен қорқыту және бопсалау арқылы интимдік қызмет көрсететін адамның клиенттері туралы мәліметтерді иемденген. Кейін өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушілерден 3 миллион теңге талап еткен.
«Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты қолдап, сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін материалдарды ұсынды. Сот бұл дәлелдемелерді айыптау үкімін шығаруға жеткілікті деп таныды», - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Нәтижесінде А.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Р. 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оған жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Осы ретте Маңғыстау облысының прокуратурасы азаматтарға қорқыту немесе ақша беруді заңсыз талап ету жағдайларына тап болғанда, дереу «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажеттігін ескертеді.