Алматы облысының Қаскелең қаласында белгісіз ер адам Нұрсұлтан Әлімқұлов атындағы орта мектептің терезесін сындырып, ғимарат ішіне кірген. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға салдарынан оқушылар мен педагогтер зардап шеккен жоқ, - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар тергеу аясында күдіктінің психикалық денсаулық жағдайына тиісті тексеру жүргізіледі.
Еске салсақ, елордада биыл тұрғындар тыныштығын бұзуға қатысты 52 мыңнан астам дерек тіркелді.