Header Banner

Астанада жазасын өтеген азаматтарды қолдаудың жаңа шаралары ұсынылды

Астанада жазасын өтеген азаматтарды қолдаудың жаңа шаралары ұсынылды
Фото: Ұйымдастырушылар

Астана қаласында қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу мәселелеріне арналған ReStart әлеуметтік жобасының қорытынды брифингі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.

Кездесу барысында қатысушылар жобаның екі жылдық жұмыс нәтижесін, жастардың қоғамға қайта оралуына кедергі келтіретін негізгі мәселелерді және Қазақстандағы қайта әлеуметтендіру жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды талқылады.

ReStart жобасын «Қоғамдық ақпарат қоры» қоғамдық қоры Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қолдауымен, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері және пробация қызметтерімен бірлесіп жүзеге асырады.

Брифингке мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, пробация қызметтерінің, әлеуметтік қолдау ұйымдарының, үкіметтік емес сектордың өкілдері, сондай-ақ психология, құқық және әлеуметтік бейімдеу саласындағы мамандар қатысты.

Екі жылдық жұмыс: психологиялық қолдаудан кәсіби білім беруге дейін

2025-2026 жылдары ReStart жобасы Астана қаласын, Ақмола және Қарағанды облыстарын қамтыды. Жобаның негізгі мақсаты:  жас азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, өз бетінше өмір сүруіне, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруіне және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға жағдай жасау.

Жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, қатысушыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, кәсіби оқыту ұйымдастырылды, әлеуметтік дағдыларын дамытуға, жұмысқа орналасуына және мемлекеттік мекемелермен өзара байланыс орнатуына қолдау көрсетілді.

Жоба қатысушылары цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, графикалық дизайн, кәсіпкерлік және бизнес-процестерді автоматтандыру сияқты заманауи бағыттар бойынша білім алды. Үш өңірде психологиялық тренингтер, арт-терапиялық сабақтар, шығармашылық шеберханалар, эмоционалдық тұрақтылық пен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізілді.

Сонымен қатар құжаттарды қалпына келтіру, еңбек құқықтары, отбасылық қатынастарды реттеу және әлеуметтік қолдау алу мәселелері бойынша жеке консультациялар ұйымдастырылды. Ведомствоаралық ынтымақтастық та жобаның маңызды бағыттарының бірі болды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен, пробация қызметтерімен, білім беру ұйымдарымен, үкіметтік емес сектормен және әлеуетті жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл дамытылды.

Жұмыс барысында қандай мәселелер анықталды?

Қорытынды кездесудің негізгі тақырыптарының бірі - жазасын өтеп шыққан жастардың қоғамға қайта бейімделу барысында кездесетін жүйелі қиындықтары болды.

Мемлекеттік және қоғамдық қолдау тетіктерінің болуына қарамастан, олардың толыққанды өмірге оралуына тұрақты табыстың, сұранысқа ие мамандықтың, баспананың және берік әлеуметтік байланыстың болмауы кедергі келтіреді.
Әсіресе жұмысқа орналасу мәселесі өзекті болып отыр. Жұмыс берушілердің барлығы бірдей бұрын сотталған азаматтарды жұмысқа қабылдауға дайын емес. Ал ұсынылатын жұмыс орындары кейде жеткілікті табыс пен кәсіби даму мүмкіндігін қамтамасыз ете алмайды.

Сонымен қатар психологиялық қиындықтар, ынтаның төмендігі, өзін-өзі бақылау дағдыларының жеткіліксіздігі және жақындарымен қарым-қатынасты қалпына келтірудегі кедергілер де маңызды мәселелердің қатарында.

Осыған байланысты қатысушылар бір реттік іс-шаралар мен қысқамерзімді консультациялардан адамның өмірлік жағдайын, психологиялық жай-күйін, кәсіби дағдылары мен жеке қажеттіліктерін ескеретін жүйелі әрі жеке сүйемелдеу тәсіліне көшу қажеттігін атап өтті.

Қоғамға оралуға дайындық жазасын өтеу кезеңінде басталуы тиіс

Брифинг барысында талқыланған маңызды мәселенің бірі сотталған азаматтарды қоғамға қайта оралуға дайындау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі болды. Кездесуде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өзінде психологиялық жұмысты күшейту, мінез-құлықты өзгерту бағдарламаларын дамыту, кәсіби бағдар беру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту туралы ұсыныстар қарастырылды.

ReStart жобасының жетекшісі Айым Мухиденқызы әлеуметтік бейімделу мәселелерінің салдарымен ғана емес, адамның құқық бұзушылыққа баруына ықпал ететін түпкі себептермен де жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, сыни ойлауды, саналы көзқарасты, өзін-өзі бақылауды, рухани-адамгершілік құндылықтарды және жеке жауапкершілікті дамытуға көбірек көңіл бөлу ұсынылды.

Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты адами капиталды дамыту болды. Бұл бағытта азаматтардың жазасын өтеу кезеңінің өзінде білім алуына, мамандық игеруіне және нақты еңбек тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік жасау мәселелері көтерілді.

Ұсыныстар қатарында түзеу мекемелеріндегі өндірістік алаңдарды кеңейту, жеке бизнес пен білім беру орталықтарын тарту, сондай-ақ жазасын өтеп шыққан азаматтарды оқытуға және жұмысқа орналастыруға дайын жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру тетіктерін қарастыру мәселелері бар. 

Уақытша көмектен тұрақтылыққа дейін

Брифинг аясында жазасын өтеп шыққан азаматтарға үздіксіз әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де талқыланды. Одан әрі дамытуды қажет ететін бағыттар ретінде қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету, психологиялық және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және отбасылық байланыстарды қалпына келтіру мәселелері аталды.

Мемлекеттік органдардың, пробация қызметтерінің, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес-қоғамдастықтың өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.

ReStart жобасының тәжірибесі тиімді қайта әлеуметтендіру тек тұрмыстық мәселелерді шешумен немесе құжаттарды қалпына келтірумен шектелмеуі тиіс екенін көрсетті. Тұрақты әлеуметтік бейімделудің маңызды шарты: адамның өзін-өзі қамтамасыз етуге, әлеуметтік байланыстарын сақтауға және ұзақмерзімді өмірлік жоспар құруға қабілетті болуы.

Халықаралық тәжірибе және алдағы перспективалар

Кездесу барысында Норвегия, Канада және Сингапур елдерінің тәжірибесін қоса алғанда, қайта әлеуметтендірудің шетелдік тәсілдерін зерделеу және Қазақстан жағдайына бейімдеу жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Атап айтқанда, мінез-құлықты психологиялық түзету, кәсіби даярлау және түзеу мекемелерінің жұмыс берушілермен өзара байланысын дамыту бағдарламаларына назар аударылды. Қатысушылар мұндай тәжірибенің жекелеген элементтерін Қазақстанның құқықтық жүйесін, қолданыстағы заңнаманы және отандық еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Негізгі қорытынды: кешенді тәсілдің қажеттілігі

ReStart жобасының қорытынды брифингі жинақталған практикалық тәжірибені талқылауға және жазасын өтеп шыққан жастарды әлеуметтік бейімдеу жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға арналған диалог алаңына айналды.
Кездесудің басты қорытындыларының бірі – психологиялық оңалтуды, кәсіби білім беруді, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қолдауды біртұтас, жүйелі әрі үздіксіз механизмге біріктіру қажеттілігі болды.

Бұл ретте қоғамға қайта оралуға дайындық жазадан босатылғанға дейін басталып, азаматтың қоғамға бейімделу кезеңінде де жалғасуы тиіс.

ReStart жобасының екі жылдық нәтижелері қайта әлеуметтендіру мәселелерін шешуде ведомствоаралық ынтымақтастық пен азаматтық қоғамның қатысуы маңызды екенін көрсетті. Мұндай тетіктерді одан әрі дамыту қайталама құқық бұзушылықтар қаупін азайтуға, ресми жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге және жастардың қоғамға табысты бейімделуіне ықпал етуі мүмкін.