Header Banner

«Нұрлы жол» вокзалынан жаңа Stadler пойызы қатынай бастады

Бүгін, 12:42
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Нұрлы жол» вокзалынан жаңа Stadler пойызы қатынай бастады
Фото: ҚТЖ

Бүгін швейцариялық технологиямен шығарылған Stadler вагондарынан құралған жолаушылар пойызы алғаш рет «Нұрлы жол» вокзалынан жолға шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» компаниясына сілтеме жасап.

Вагондар күн сайын № 3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызының құрамында жүретін болады. Астанадан жөнелтілуі – сағат 13:10-да, Алматыға жетуі – келесі күні сағат 08:30-да.

Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына бейінделген және – 50-ден + 45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Қызмет ету мерзімі 40 жыл.

Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушылардың жайлылығы үшін климаттық бақылау жүйелері, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау және багаж аймақтары қарастырылған. Мобильділігі төмен жолаушылардың жол жүруіне арнайы жағдайлар жасалған. Пойыз құрамына вагон-буфет те кіреді.

«Бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100 астам Stadler вагонын қабылдады. Келісімшарт 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізуді, кейіннен сервистік қызмет көрсетуді көздейді», - делінген хабарламада.

Stadler вагондарының келесі құрамы 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағытында шығады. Билеттер темір жол билеттерін сататын ресми сайт пен теміржол кассаларында қолжетімді.

Еске салсақ, Астанада жасалған Stadler вагондарына билеттер сатыла бастағанын жаздық.