Header Banner

«Қызғалдақ мекені»: Астанада Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған көрме ашылды

«Қызғалдақ мекені»: Астанада Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған көрме ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Қызғалдақ мекені» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экспозиция авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қазахбай Әжібекұлы.

Көрмеде туған жер тарихы, ұлттық рух, табиғи мұра мен тәуелсіздік идеясы тоғысқан. Экспозицияның негізгі тақырыбы – қазақ даласында өсетін қызғалдақ бейнесі арқылы халықтың қайсарлығын, азаттыққа ұмтылысын және ұлттық болмысының өміршеңдігін көрсету.

Көрмеге қойылған туындылар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұрпақтар сабақтастығын таныстырады. Олардың қатарында Алтын Орда дәуірінен бергі тарихи тұлғалардың, сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының бейнелері бар.

Суретші шығармаларында білім мен әділет, ұлттық еркіндік және болашаққа ұмтылу идеялары көрініс тапқан. Бұл тақырыптар Тәуелсіз Қазақстанның рухани құндылықтарымен сабақтастырылады.

Экспозицияда кең-байтақ дала мен табиғат көріністеріне де ерекше орын берілген. Автор туындыларында жерді ел тарихының, ал қызғалдақты ұлттық рух пен еркіндіктің нышаны ретінде бейнелейді.

Көрменің негізгі идеясы – өнер арқылы өткен мен бүгіннің байланысын көрсету, тарихи мұраны дәріптеу және ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу.

Бұған дейін Астанада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы қорытындыланғаны хабарланған еді.