Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы ЮНЕСКО-ның өңірлік тізіліміне енгізілді

9 қараша, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы ЮНЕСКО-ның өңірлік тізіліміне енгізілді
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Ғылым ордасы» қорында сақталған сирек басылымдар жинағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіліміне енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті шешім Индонезияның Джакарта қаласында өткен ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің (MOWCAP) отырысында қабылданды. Жинақты тізілімге енгізу туралы номинациялық өтінімді Қазақстан тарапы әзірлеген.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалары XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының қоғамдық-саяси өмірі, рухани құндылықтары мен мәдени дәстүрлері туралы құнды мәліметтерді қамтиды. Оның ағартушылық және ғылым-білімге үндейтін еңбектері халқымыздың тарихи жады мен әдеби мұрасын танытатын маңызды дереккөз саналады.

«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Орталық ғылыми кітапханасы мамандары жинақтың тарихи-мәдени маңызын ғылыми тұрғыдан негіздеп, қажетті құжаттарды дайындауға атсалысқан.

Министрлік мәліметінше, сирек басылымдардың халықаралық тізілімге енгізілуі қазақтың жазба мұрасын әлемдік ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытуға, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығын зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Бұған дейін Қазақстанның екі мұрасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» өңірлік тізіміне енгізілгені хабарланған еді.