Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция жүргізушілерді жазғы дөңгелектерді қысқы үлгісіне уақытылы ауыстыруға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, қыс мезгілінде жазғы дөңгелекпен көлік жүргізгендерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы бойынша 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынады.
Заңнамасының талаптарына сәйкес, 1 желтоқсан мен 28 ақпан аралығында жеңіл көлік пен жеңіл жүк көліктерін қысқы дөңгелексіз жүргізуге тыйым салынады. Олар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы тиіс.
Полиция Астанада күннің суытуы мен көктайғақтың қыс басталмай тұрып жиі болатынын ескертті. Сондықтан жүргізушілер дөңгелекті желтоқсанға дейін ауыстыруы қажет.
Сондай-ақ Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерге көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп, ара қашықтықты сақтауға, жол жағдайына қарай жылдамдықпен жүруге және күрт маневр жасамауға кеңес берді.
Еске салсақ, Ақмолада жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 700-ден астам көлік кері қайтарылды.