Астанада «Әділет» партиясының өкілдері Astana IT University студенттерімен кездесіп, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуын, жастардың кәсіби мүмкіндіктері мен қоғамдық өмірге қатысуын талқылады. Басқосу барысында партияның Астананы 2026-2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттар – Астанадағы «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының көшбасшысы Мәди Өмірзақов, «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, сондай-ақ №12 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат, хирург-трансплантолог Нұрбол Тұрсынбаев қатысты.

Мәди Өмірзақов жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың қаланың тыныс-тіршілігіне белсенді араласуы маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, азаматтық жауапкершілік өз ауласы мен ауданындағы мәселелерге бейжай қарамаудан басталады. Ол жастарды қоғамдық бастамаларға тарту тәжірибесімен бөлісіп, бүгін қабылданған әрбір шешімнің болашаққа әсер ететінін атап өтті.
«Бүгінгі іс-әрекетіміз болашағымызға қалай әсер ететінін ойлауымыз керек. Сайлау жүйесін түсіну, қаланы кім басқаратынын, ауданымыздағы мәселелерге кім жауапты екенін білу маңызды. Өйткені мұның бәрі өміріміздің сапасын, қаламыз бен еліміздің болашағын айқындайды», – деді Мәди Өмірзақов.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде отандық мамандардың рөлі арта түсетінін айтты. Оның пікірінше, әсіресе елдің мәдениетін, қоғамның ерекшеліктері мен қажеттіліктерін түсінетін IT мамандарына сұраныс жоғары болмақ. Осыған байланысты университетте алған білімді нақты жобаларда қолданып, оны қоғам игілігіне жарату маңызды екенін жеткізді.

Ал Олжас Сыдықбек IT саласының қазірдің өзінде маңызды кәсіби бағытқа айналғанын атап өтті. Ол Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлең жолдарын еске салып, жас буынның бастамаларын қолдаудың маңызын жеткізді.
«Сіздер – болашақ IT мамандарысыздар. Бұл – болашақтың ғана емес, бүгіннің де кәсібі. Жастар жаңа технологиялармен, жаңа үрдістермен бірге өсіп келеді. Сондықтан олардың пікіріне құлақ асып, ортақ болашағымыз үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», – деді Олжас Сыдықбек.

Өз кезегінде Нұрбол Тұрсынбаев студенттерге медицина саласындағы кәсіби тәжірибесі туралы айтып, 26 жылдық еңбек жолынан мысалдар келтірді. Хирург-трансплантолог депутаттық қызметтің де үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
«Менің мамандығым – хирург-трансплантолог. Осы салада 26 жыл жұмыс істеп келемін. Депутат болу – мамандық емес, қоғамдық жұмыс», – деді Нұрбол Тұрсынбаев.

Кездесуде жастардың кәсіби дамуы мен жұмыспен қамтылуына қатысты партияның Астананы дамыту бағдарламасында көзделген міндеттер де таныстырылды. Атап айтқанда, JOLTAP жобасы арқылы 6 мың адамды жұмысшы және цифрлық мамандықтарға оқыту, сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 3 910 жасты жұмыспен қамту жоспарланған.


Болашақ мамандармен пікір алмасу барысында партия өкілдері кәсіби біліммен қатар, азаматтық белсенділіктің де маңызына тоқталды. Олардың пікірінше, цифрлық технологияларды меңгерген, жаңа идеяларды жүзеге асыруға қабілетті жастар елдің дамуына елеулі үлес қоса алады. Осыған байланысты жас мамандардың әлеуетін қолдау және олардың қоғамдық бастамаларға қатысуына мүмкіндік жасау қажеттігі аталып өтті.
Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық
тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.