Header Banner

Аудит қорытындысы: Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру көрсеткіші 16% ғана

Аудит қорытындысы: Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру көрсеткіші 16% ғана
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Жоғары аудиторлық палатасы ғылым саласында мемлекеттік қаражат пен активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады. Тексерудің негізгі нәтижелері Құрылтайдың жалпы отырысында қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу жүйесінен де бірқатар кемшілік анықтады. Мәселен, 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Соның салдарынан зерттеулердің бүкіл кезеңі кейінге шегерілген. Сараптамалық материалдарды ұлттық ғылыми кеңестерге жолдау мерзімі 93 күнге дейін созылған. Сондай-ақ 545 жоба бойынша экономикалық сараптама нәтижесінде қаржыландыру көлемін шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту жөнінде берілген ұсыныстар ескерілмеген.

Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мемлекет бөлетін қаражаттың қайтарымын арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Аудит нәтижелері бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде 79 жобаға іске асыру шығыстары егжей-тегжейлі нақтыланбастан 62 млрд теңге бөлінгенін анықтады. Қорытынды есеп қабылданбаған жағдайда да бөлінген қаражаттың басым бөлігі орындаушыда қалады: жобаны қорытынды бағалауға дейін оның құнының 96-98%-ы төленіп қояды.

«16 млрд теңгенің 176 жобасы бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешім қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ғылымның нәтижелілігі көбіне жарияланымдар, қорғау құжаттары және нәтижелерді өндіріске енгізу актілері сияқты формалды өлшемдер арқылы бағаланады. Алайда мұндай көрсеткіштер технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтижеге қол жеткізілгенін растамайды.

Әлихан Смайылов атап өткендей, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру ғылыми циклдың әлсіз буын болып отыр. Ғылым қорының деректері бойынша коммерцияландыру көрсеткіші 44%-ды құраған. Алайда есепті жыл бойынша бірыңғай әдістемемен есептегенде бұл көрсеткіш небәрі 16%-ға тең екені анықталды.

«Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген», - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Аудиторлардың пікірінше, жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға 1% қаражат аудару тетігі де қолданбалы ғылымды дамытудың толыққанды құралына айналмаған. Бұған міндеттемелердің орындалуын бақылаудың әлсіздігі және түскен қаражаттың ғылыми айналымнан тыс мақсаттарға, атап айтқанда депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталуы себеп болған.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, сонымен қатар 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған. 36 факті бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды.  Тағы 3 факті бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда газ саласына жүргізілген аудит нәтижесі жарияланды