Қазақстанда газ саласына жүргізілген аудит нәтижесі жарияланды

Қазақстанда газ саласына жүргізілген аудит нәтижесі жарияланды
Фото: Жоғары аудиторлық палатасы

Қазақстанның газ саласына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 24,1 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы және бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда 18,2 млрд теңгенің тиімсіздігі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғары аудиторлық палатасына сілтеме жасап.

Аудит қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында қаралды. Тексеру барысында газ өндіру, ішкі нарықты қамтамасыз ету, өңірлерді газдандыру және газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйі зерделенді.

Аудиторлардың мәліметінше, Қазақстандағы газдың жалпы қоры 3,8 трлн текше метрге бағаланады. 2022-2025 жылдары елде 239,5 млрд текше метр газ өндірілген. Алайда ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісінің өсімі халық пен экономиканың артып келе жатқан сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр.

Сонымен қатар газ тасымалдау инфрақұрылымының тозуы өзекті мәселе болып отыр. Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланады. Олардың едәуір бөлігі нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен, ал жаңғырту жұмыстары қажетті қарқынмен жүргізілмейді.

Тексеру барысында газ жеткізушілердің шектеулі тобына тәуелділік, жеткізілетін газ сапасының талаптарға сәйкес келмеуі және саланы стратегиялық жоспарлаудағы кемшіліктер де анықталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының 64,2%-ы табиғи газбен қамтылған. Газға қол жеткізген тұрғындар саны 13,1 млн адамға, ал газдандырылған елді мекендер саны 2 240-қа жеткен.

Аудит барысында бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылып, 20,2 млрд теңге бухгалтерлік есепте қалпына келтірілді.

Жоғары аудиторлық палата анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Олардың орындалуы бақылауда болады. Сондай-ақ газ саласын басқаруды жетілдіру, ресурс базасын нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұсынымдар әзірленді.

Бұдан бұрын Президенттің Қорғаныс министрлігінде аудит жүргізуге қатысты бірқатар тапсырма бергені хабарланған еді.