Қазақстанда статистикалық деректердің 97 пайызы электронды түрде жиналады

Қазақстанда статистикалық деректердің 97 пайызы электронды түрде жиналады
Фото: pexels.com

Қазақстанда бастапқы статистикалық деректердің 97%-ы электронды форматта қабылданады, ал кәсіпорындар мен ұйымдардың есептілік жүктемесі 30%-ға қысқарған. Сонымен қатар жасанды интеллект статистикалық ақпаратты іздеу мен талдауға енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

8 қараша – Статистика саласы қызметкерлерінің күні. Биыл Қазақстан статистикасының қалыптасқанына 106 жыл толады. Осы уақыт ішінде сала қағаз есептіліктен цифрлық платформалар мен үлкен деректерді талдауға дейінгі даму жолынан өтті.

Бюро мәліметінше, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Е-Статистика» жүйесі жаңғыртылып, Респондент кабинеті жаңартылды. Бұл статистикалық есептілікті тапсыруды жеңілдетіп, деректерді жинау мен өңдеу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік берді.

Қазір ресми статистиканы қалыптастыруда 36 әкімшілік және 4 баламалы дереккөз пайдаланылады. Соның нәтижесінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бұрыннан бар мәліметтерді қайта жинау қажеттілігі азайып келеді.

Жасанды интеллект баға статистикасында да қолданылуда. Мәселен, фискалдық деректер базасында 290 тауар тобы бойынша 8,3 млрд жазба жинақталған. 2026 жылғы қаңтардан бастап фискалдық чектердің мәліметтері 120 тауардың бағасын есептеуге пайдаланылып келеді. Жасанды интеллект тауарларды автоматты түрде жіктеп, ауқымды ақпаратты өңдеуді жеделдетеді.

Ал туризм саласында мобильді позициялау технологиялары арқылы алынған иесіздендірілген деректер қолданылады. Бұл туристік ағындарды, танымал бағыттарды және саяхатшылардың белгілі бір өңірде болу ұзақтығын бағалауға көмектеседі.

Сондай-ақ «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің жаңа нұсқасы іске қосылды. Платформа арқылы статистикалық көрсеткіштерді іздеуге, өңірлер бойынша салыстыруға, графиктер мен карталар жасауға болады.

Жүйенің басты жаңалығы – жасанды интеллект негізіндегі AI Taldau көмекшісі. Пайдаланушылар қажетті ақпаратты қарапайым тілде сұрап, деректерді кесте немесе график түрінде ала алады. Сондай-ақ көрсеткіштерді салыстырып, олардың дереккөздері мен есептеу әдістемесін тексеруге мүмкіндік бар.

«Цифрлық трансформация дәуірінде статистикалық өндірістің философиясы да өзгеруде. Жасанды интеллект технологияларын енгізу мен процестерді автоматтандыру, сондай-ақ деректердің жаңа көздерін пайдалану ведомствоға респонденттермен өзара іс-қимылды оңтайландыруға, олардың жүктемесін барынша азайтуға, сонымен қатар пайдаланушыларды ресми статистикалық ақпаратпен жедел әрі жоғары сенімділік деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Бюро алдағы уақытта жасанды интеллектіні деректердегі қателер мен ауытқуларды анықтау, ақпаратты тексеру және жіктеу, сондай-ақ талдамалық материалдар әзірлеу бағытында кеңінен қолдануды жоспарлап отыр.

Бұған дейін цифрлық дәуірде Қазақстанның ресми статистикасы қолжетімді болып келе жатқаны хабарланған еді.