Құрылыс компанияларының біліктілігі цифрлық жүйе арқылы тексеріледі

Құрылыс компанияларының біліктілігі цифрлық жүйе арқылы тексеріледі
Фото: Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті

Қазақстанда құрылыс және жобалау компанияларының біліктілігін автоматты түрде тексеретін цифрлық жүйе енгізілмек. Ол ұйымдардың лицензиясын ғана емес, білікті мамандары мен қажетті өндірістік базасының бар-жоғын да бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне сілтеме жасап.

Жаңа жүйе «Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі» деп аталады. Оны биылғы қарашада тестілік режимде іске қосу жоспарланған.

Ведомство мәліметінше, бүгінде еліміздің құрылыс саласында 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда лицензияның болуы компанияның қажетті мамандармен, техникамен және өндірістік базамен толық қамтамасыз етілгеніне кепілдік бермейді.

Осыған байланысты жаңа тізілім құрылыс және жобалау ұйымдарының белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тұрақты түрде бақылауға арналған. Тексеру кезінде мемлекеттік цифрлық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылатын болады.

Бұл тапсырыс берушілерге мердігер таңдағанда компанияның лицензиясымен қатар, оның нақты мүмкіндіктерін, жұмыс тәжірибесі мен қызмет нәтижелерін бағалауға жағдай жасайды.

Жаңа тетікті Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде таныстырды. Жиынға Палата өкілдері, өңірлік филиалдар мен құрылыс саласындағы бірлестіктер қатысты.

Комитеттің мәліметінше, цифрлық тізілім құрылыс нарығының ашықтығын арттыруға, адал компанияларға тең жағдай жасауға және сапасыз құрылыс тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Бұған дейін Қазақстанда құрылыс материалдарының 73 пайызы отандық кәсіпорындарда өндірілетіні хабарланған еді.