Астанада медицина мамандығы бойынша біліп алып жатқан студенттерді волонтерлік қызметке тартуға бағытталған «Jurekke Shipa: білім мен ізгілік көпірі» жобасы аяқталды. Бастамаға 200 адам қатысып, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған пансионат тұрғындарының денсаулығын бақылауға көмектесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба болашақ медицина мамандарына алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Медициналық волонтерлікті дамытуға бағытталған осындай бастамалардың бірі Алматы облысында да жүзеге асырылды. «Күміс дәрігерлер – қамқорлық пен тәжірибе» жобасына 22 тәжірибелі дәрігер қатысып, шалғай елдімекендердегі 500-ден астам тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетті.
Жоба аясында дәрігерлерге алғашқы тексеруге қажетті құралдармен жабдықталған арнайы «волонтер сөмкелері» берілді. Сонымен қатар тәжірибелі мамандар ауылдық ауруханаларда жұмыс істейтін жас дәрігерлерге тәлімгерлік қолдау көрсетіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Аталған екі жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырған шағын гранттар бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Айта кетейік, бұдан бұрын медицина туризмін дамыту бағытында туроператорларға астаналық клиникалардың мүмкіндіктері көрсетілгенін жазған едік.