Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының өкілі Әсем Орынбай Катардың Доха қаласында өтіп жатқан ISSF стенд атудан әлем чемпионатының финалында жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстандық спорттық ату федерациясына сілтеме жасап.
Әйелдер арасындағы «скит» жаттығуының қорытынды кезеңінде қазақстандық спортшы 5-орынға ие болып, 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін XXXIV жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға арналған лицензиялық жолдаманы жеңіп алды.
«Бұл нәтиже – Қазақстанның спорттық ату саласындағы маңызды жетістіктерінің бірі әрі отандық спортшыларымыздың халықаралық аренадағы жоғары дайындық деңгейінің кезекті дәлелі», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 1–14 қараша аралығында Катардың Доха қаласында ISSF спорттық атудан әлем чемпионаты өтуде. Байрақты додаға 90 елден 1000-нан астам спортшы қатысуда. Қазақстан ұлттық құрамасының атынан стенд атудан 12 спортшы, нысана көздеуден 18 спортшы өнер көрсетуде.
Еске салсақ, Әсем Орынбай стенд атудан әлем чемпионатының финалына жолдама алғанын жаздық.


