Бокстан әлем және Азия чемпионы Абылайхан Жүсіпов Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында сенсациялық түрде топ жарған 18 жастағы Әділбек Қожаханның өзіне қатысты айтқан пікіріне жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Бұған дейін 60 келіде Қазақстан чемпионы атанған Әділбек Қожахан сұхбат барысында Абылайхан Жүсіповті үлгі тұтатынын айтқан еді.
«Мен үшін үлгі тұтатын боксшы – Абылайхан Жүсіпов ағамыз. Ол кісінің өзін-өзі ұстауы, сауаттылығы, білімі мені қатты қызықтырады», – деген болатын жас боксшы.
Өз кезегінде Абылайхан Жүсіпов әлеуметтік желідегі парақшасында бұл сөздердің өзі үшін ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
«Түптің түбінде төккен тер мен еткен еңбектің ақталғаны осы ғой. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, үлгі бола білу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Еңбегіміз өскелең ұрпаққа мотивация болса, одан асқан қуаныш жоқ», – деп жазды ол.
Айта кетейік, 18 жастағы Әділбек Қожахан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып, алтын жүлдені жеңіп алды. Ол 60 келіде басты фавориттер саналған Асылжан Серікбай, Талғат Сырымбетов, Оразбек Асылқұлов және Бибарыс Жексенді 5:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионы атанған Алдияр Баһадүрден 4:1 есебімен басым түсті.